Бұған дейін Молдова Мәскеудегі елшілігі арқылы Қазақстанмен қарым-қатынас орнатып келген еді. Осы орайда Молдова Президенті Майя Санду келесі жылы Қазақстанның елордасында елшілік ашылатынын хабарлады. Жаңалықты Anadolu агенттігі бөлісті.
Ақорданың дерегіне үңілсек, Әзербайжан астанасы Бакуде өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының 29-жиынында Қасым-Жомарт Тоқаев молдовалық әріптесі Сандумен кездескен.
Кездесу барысында Қазақстан мен Молдова арасындағы достық қарым-қатынастарды жақсарту мүмкіндіктері талқыланып, жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Санду 2025 жылы өз елінің Астанадағы елшілігі ашылатынын және бұл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін мәлімдеген. Жалпы, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өз тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан мен Молдова арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы орныққан. 1994 жылы Қазақстан Украинада өз елшілігін ашып, Молдовамен қарым-қатынасын жүзеге асырды.
2014 жылы Қазақстан Молдовада бас консулдығын ашты. 2020 жылы Қазақстан Президентінің шешімімен Молдовадағы бас консулдық елшілік қызметін атқара бастады. Қазақстанның Кишиневтегі елшісі 2022 жылы тағайындалған.
Санду Қазақстанда елшілік ашу туралы жарлыққа биыл 5 қыркүйекте қол қойды.