Азия даму банкі енді техникалық-экономикалық негіздемені дайындауды және бірлескен кәсіпорынды іске қосуға көмекті қоса алғанда, «жасыл дәліз» жобасы бойынша консультациялық қызметтерді қолдау үшін 225 мың доллар мөлшерінде грант бөлу туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы Әзербайжанның энергетика министрі Парвиз Шахбазовқа сілтеме жасай отырып, Trend хабарлады.
– Екі күн бұрын жоғары деңгейдегі COP29 аясында Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасында «жасыл» энергияны дамыту және тасымалдау саласындағы стратегиялық әріптестік туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған еді, – деген ол.
Министр сондай-ақ Сауд Арабиясының осы үшжақты жобадағы негізгі әріптес ретіндегі рөлін бекітетін құжатқа қол қойылғанын да атап өтті. Бұл оқиға халықаралық энергетикалық ынтымақтастық пен экологиялық инвестицияларға елеулі серпін беретін маңызды стратегиялық қадам болып саналды.
– Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен мән беріледі. Қазақстан мен Өзбекстанды қоса алғанда, Әзербайжан мен Орталық Азия елдері арасындағы бауырластық, достық және стратегиялық байланыстарды айғақтайтын бұл келісім «жасыл» энергетикалық дәліз құруға, өңірдегі электр энергиясының интеграцияланған нарықтарын дамытуға, басқа өңірлерге жаңартылатын энергияны экспорттауға берік негіз қалайды, – дейді Парвиз Шахбазов.
Оның айтуынша, ұлттық энергетикалық компаниялардың акционерлік келісімге қол қоюы және бірлескен кәсіпорын құру жобаны табысты іске асырудың негізгі кезеңіне айналады. Бірлескен кәсіпорын құрылғаннан кейін Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан энергия жүйелерінің интеграциясының техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша жұмысты бастауды жоспарлады. Жобаға CESI консалтингтік компаниясы тартылды.
– Бұл жоба Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстанмен ғана шектелмейді. Орталық Азияның басқа елдері, әсіресе Қырғызстан мен Тәжікстан болашақта осы жобаға қосыла алады және олар жаңартылатын энергияның ауыспалы көздерін теңгерімдеу үшін өздерінің гидроресурстарының пайдасы тиері сөзсіз, – деп түйіндеді ол.