Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің басты факторына айналып отырған – мемлекеттік тіл. Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын асыл қазынасы және Тәуелсіздіктің тірегі, қазақ халқының қанына біткен ынтымаққа ынтызар пейілі мен бірлікке деген берекелі ниетінің өзегі деп түсінемін. Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекетімізде тілдердің даму барысын биылғы қаңтар Жолдауында «бұл – Тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген жоқ па? Сондықтан да мен Тіл мен Тәуелсіздікті егіз ұғым деп қараймын. Жылдың бас құжатында алдағы уақытта тілдің тұйыққа тірелген тұстарын түбегейлі шешу мақсатында тілдерді дамыту мәселесіне орай қоғам алдына үлкен міндеттер жүктеп отыр. Сондықтан облыста осы жылдары қол жеткен жетістіктерді, оның ішінде мемлекеттік тіл саясатын дамытуға арналған барлық шараларды әрқашанда ел Тәуелсіздігімен тығыз байланыстырып келеміз. Өйткені ана тіліміздің өткен ауыр жолдарын көрнекті қоғам қайраткерлері мен тіл ғалымдары, тарихшылар аз айтып жүрген жоқ. Уақыт көші оза келе сол қасиетті Ана тіліміздің Тәуелсіздік туына айналары сөзсіз. Өйткені мемлекеттік тіл кешегі жардың шетінде, желдің өтінде тұрған заманнан өтті. Бүгінде мемлекеттік тіл – ұлттық сана мен биік рухты қалыптастыруға апаратын сара жолға айналып келеді. Қоғамда қазақ тілі қажеттілігі орныға бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі салиқалы ойы мен салмақты тірлігінің арқасында мемлекеттік тіл қайта жаңғырды, ел Тәуелсіздігімен бірге қайта түледі. Соңғы жылдары мемлекеттік тіліміздің қоғамның барлық саласы мен мемлекеттік басқару жүйесінде қолдану аясы кеңейіп, тынысы ашыла түскені ақиқат.
Медиаон ақпарат