Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс жиырма екінші сессиясы өтті. Жиында Шымкент қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау, атаулардың транскрипциясын өзгерту туралы мәселесі талқыға түсіп, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сессияға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Күн тәртібінде республикалық ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде Шымкент қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы мен мәслихатының бірлескен оң қорытындысын беру мәселесі қаралды. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев мәлім еткендей, барлығы 283 көшеге атау беру, атауы қайталанатын 82 көше, идеологиялық тұрғыдан ескірген 6 көшені қайта атау, 6 шағынауданға және 1 аллеяға атау беру, 1 саяжайды қайта атау, 6 көшенің атауының транскрипциясын өзгерту мәселесі ұсынылды.
Көшелерге атау беру мәселесі AMANAT партиясының фракциясында, бірлескен комиссияда, мәслихат сессиясында мақұлданып, әрі қарай республикалық комиссияға жолданған болатын. Республикалық ономастикалық комиссия ұсынылған барлық көшені бекітті.
Көшелерге атау беру бойынша тұрғындар тарапынан көптеген өтініштер түсетін-ді. Кезектен тыс сессия барысында маңызды шешім депутаттар тарапынан бірауыздан қабылданды.
Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков маңызды мәселе шешімін тапқанын атап өтті.
– Жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметін шақырған кезде бірқатар қиындықтар туындайтын еді. Тиісті ұсынымға сәйкес, әр көше зерделеніп, жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл ретте өзен-су, дәстүрлі атауларға мән берілді. Қолдағандарыңызға рақмет, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, шаһар басшысы жылыту маусымы басталғалы әкімдік тарапынан барлық міндеттемелер орындалғанын, әрі қарай Мүлік иелері бірлестігі (МҮБ) жұмыс істеуі қажет екенін мәлімдеді.