Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, құрылымдық бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысып, энергетика саласындағы бірқатар мәселелер тыңдалды.

Қала тұрғындарын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету және 2025 жылғы инвестициялық жобалардың орындалу барысы бойынша «Оңтүстік Жарық-Транзит» ЖШС-нің Түркістан қалалық электр желілері бөлімінің басшысы Әділбек Мүтәліұлы баяндама жасады.

Сала маманының айтуынша, бүгінгі таңда Түркістан қаласының тұтынушылары үшін қосалқы 13 станция, 1408,461 шқ электр желісі, 1669 дана — трансформаторлық қондырғы жұмыс жасайды. Тұтынушылардың жалпы саны — 55157 абонент, есепке алу аспаптарымен 100% қамтылған, оның ішінде: жеке тұлғалар — 52489 абонент, заңды тұлғалар — 2668 абонентті құрайды. Электр желілерінің техникалық жағдайы қанағаттанарлық.

Бұл деректер бойынша қала әкімі электр желілерінің жиі істен шығуы, жыл басынан бері тұрғындардан 13 572 өтініш келіп түскені — тек техникалық себептерден ғана емес, ұйымдастыру жұмыстарының жеткіліксіздігінен де туындап отырғанын атап өтті. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткіштер бойынша қаладағы электр желілерінің тозу деңгейі 57,3 пайызды құрап отырғанын ескере отырып, нақты шешу механизмін ұсынуды тапсырды.

Сонымен қатар, Әзімбек Пазылбекұлы жыл соңына дейін тозған электр желілері мен трансформаторларды толық түгендеп, жаңғырту кестесін әзірлеу, жиі жарық сөніп тұратын аумақтарда техникалық жағдайды сараптап, жүктемелерді теңестіру шараларын қабылдау, ауа райының қолайсыз жағдайларына төтеп бере алатын инженерлік-техникалық шешімдер әзірлеу, сондай-ақ апатты жағдайларда жедел әрекет ететін бригадалардың дайындығын арттыру қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, жиын барысында инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы — Арман Оспан қаладағы электр желілерінің бірқатар техникалық мәселелері мен шешу жолдарына тоқталды. Трансформаторлық подстанциялардағы жүктеме біркелкі бөлінбегендіктен, кей желілердің шамадан тыс жүктелуіне, ал басқаларының толық пайдаланылмауына себеп болуда екенін атап өтті. Осыған байланысты қала әкімі үш ай мерзім ішінде ескі желілерді қайта жобалап, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және жүктеме тепе-теңдігін қамтамасыз ету мақсатында толық талдау жүргізуді тапсырды.

Әзімбек Пазылбекұлы «Түркістан – еліміздің рухани астанасы, ерекше мәртебеге ие қала. Сондықтан электрмен жабдықтау жүйесі сенімді, қауіпсіз әрі үздіксіз болуы тиіс. Барлық тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуы – жеке бақылауымда болады», – деп атап өтті.

Қала тұрғындарынан жиі түсетін сұрақтардың бірі бұл — сапалы және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі. Кей кездері қалада жарықтың сөніп қалуы, трансформаторлардың істен шығуы, желілердің тозуы сияқты мәселелер орын алады. Бұл жағдай тұрғындардың тіршілігіне айтарлықтай әсер етіп отырғанын түсінеміз.

Осыған байланысты қала әкімдігінде арнайы аппараттық жиын өткізіп, сала мамандарымен және жауапты мекеме басшыларымен мәселенің мән-жайын талқыладық.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында:13 қосалқы станция, 1408 шақырымнан астам электр желісі, 1669 трансформаторлық қондырғы жұмыс істейді.

Қалада 55 мыңнан астам тұтынушы бар. Оның 52 мыңнан астамы – жеке тұлғалар, ал 2600-ден астамы – заңды тұлғалар.

Сонымен қатар, жыл басынан бері тұрғындардан біршама өтініш келіп түскен. Ең басты мәселе – электр желілерінің тозу деңгейінің болуы. Қазіргі таңда тозу деңгейі 57,3%-ды құрап отыр. Бұл – ескерусіз қалдыруға болмайтын маңызды көрсеткіш.

Осыған байланысты сала басшыларына қаладағы барлық тозған электр желілері мен трансформаторларды толық түгендеп, жиі жарық сөніп тұратын аумақтардың техникалық жағдайына талдау жүргізу, ауа райының қолайсыз жағдайларына төтеп бере алатын инженерлік шешімдер қабылдап, апатты жағдайлар кезінде жылдам әрекет ететін бригадалардың дайындығын күшейту және желілердегі жүктеменің біркелкі бөлінуін қамтамасыз ету үшін толық сараптама жасап, қажет болса жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді тапсырдым. Бұл жұмыстар үш ай ішінде атқарылып, нақты нәтиже көрсетуі тиіс.

Біз Түркістанды дамытамыз десек, ең алдымен тұрғындардың күнделікті өмір сапасын жақсартуымыз керек. Электр жарығы – әр үйдің, әр кәсіпкердің, әр мекеменің қалыпты жұмыс істеуі үшін аса маңызды. Түркістан – еліміздің рухани астанасы. Бұл қалада өмір сүріп жатқан әрбір тұрғын өзін жайлы, қауіпсіз, сенімді сезінуі тиіс.

Сондықтан осы бағыттағы барлық жұмыс – менің тікелей бақылауымда болады. Халыққа берген уәдемізді орындау – басты міндетіміз. Алдағы уақытта да атқарылып жатқан жұмыстар туралы сіздерге тұрақты түрде хабарлап отырамыз.

От admin