1991 жылғы сайлаудан кейінгі бірінші жұмыс аптасында, өзім 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол қойған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» заңның мәтінімен жұмыс істедім. Құқықтық тұрғыда әлемнің саяси картасында дәл осы күні жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Осылайша, тарихи әділеттік орнап, бабаларымыздың ұлы арманы орындалды. Бұған дейін декларация түрінде ғана болған мемлекеттік тәуелсіздік енді конституциялық негізге ие болды. Заңдағы 18 баптың біріншісі біздің елімізді ішкі және сыртқы саясатын дербес белгілейтін және жүргізетін тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады. Меніңше, Тәуелсіздік күні тек ресми бекітілген мерекелік дата ғана болуға тиісті емес. Бұл күннің одан анағұрлым маңызы үлкен мазмұны бар. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қоюмен бірге, оның басталған күні де болды. Бүгін әр қазақстандық оны өзінің жеке тәуелсіздігі мен табысты күні есебінде мерекелей алады. Республиканың барлық халқы үшін маңызды, біздің әрқайсымызға Қазақстанның азаматы болу құқығын сыйлаған «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңға арада бірнеше күн өткен соң – 20 желтоқсанда қол қойылған. Енді ел азаматтарын сыртқы қатерден қорғауды өз әскері қамтамасыз етеді. 1992 жылдың 7 мамырындағы Жарлығыма сәйкес, Қазақстан аймағында дислокацияланған ТМД Қарулы күштерінің әскери бөлімдері республиканың жаңадан құрылған Қарулы күштерінің құрамына енгізілді. Рәміздер – мемлекеттіліктің атрибутикасы. Жас республикаға өзінің ерекшелігін айшықты да қысқа, түсінікті бейнеде ұқтыратын символдар қажет болатын. Осынау жауапты міндеттің шешімі көп күш қуат талап етті. Ұзаққа созылған жұмыс 1992 жылдың жазында аяқталды.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.