Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларация қабылданысымен, мемлекет өзінің банк жүйесін қалыптастыруды бастады. 1990 жылдың 7 желтоқсанында Қазақ КСР Мемлекеттік банкі – жоғарғы деңгейде, ал төменгісінде коммерциялық банктер мен басқа да несие мекемелері тұрған қосдеңгейлі жүйенің негізін қалаған «Банктер мен банк қызметі туралы» заң шықты. 1991 жылдың 20 маусымында Қазақ КСР Мемлекеттік банкі мемлекет меншігіне өтті және Ұлттық мемлекеттік банк болды. Жаңа заң коммерциялық банктердің жылдам өсуіне екпін берді. 1991 жылы олардың саны 70 болса, келесі жылы 150-ден асты, ал 1993 жылы 230-ға жуықтады. Дегенмен солардың көпшілігі тұтыну мен ипотекалық несиелеу немесе қаржы лизингі сияқты толыққанды қаржы жұмысымен айналыспады. Тұрғындардың қаржысы мүлдем дерлік банк жұмысына тартылмады, нақты өндіріс несиені өте сирек алды. Екінші деңгейлі банктер негізінен соңынан өздері несиеге беретін Ұлттық банктен алынған қаржы есебінен жұмыс істеді. Көбіне оның бәрі қайтарымсыз негізде болды, соған сәйкес тәртіп бұзушылықтарға жол берілді. Сол кездегі Премьер-министр С. Терещенконың сөзімен айтқанда, «Қазақстан Республикасының банк жүйесі ең қылмыс дендегендердің қатарына енді». Көп жағдайда мұндай ахуал, дамыған елдердегідей, тәуелсіз саясат жүргізуге мүмкіндік бермейтін Ұлттық банктің жеткіліксіз мәртебесімен түсіндірілетін. Ұлттық банк өз құрылтайшылары – Жоғарғы Кеңеске есеп беретінін пайдаланып, Жоғарғы Кеңестің Президиумы, зардабын ойламастан, одан экономиканы тікелей несиелеуді талап етті. 1993–1996 жылдары Ұлттық банктің төрағасы болып істеген Б. Сембаев: «Құрамында он бес шақты адамы бар, макроэкономикалық процестерді түсінбейтін Президиум Үкіметпен келіспей әрекет етті. Мәселен, нақты бір жағдайларда Ұлттық банк төрағасын несие беруге міндеттеді», – деп еске алған.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.