«Қазақстан-2030» стратегиясы — тәуелсіз Қазақстанды заманауи, тұрақты, өркениетті мемлекет ретінде құрудың ұзақ мерзімді экономикалық және саяси стратегиясын әзірлеу жөніндегі шешімді 1995 жылдың соңында қабылданды. 1996 жылдың сәуір айында құрамына ғалымдар, мемлекеттік органдардың басшылары, сарапшылар кірген Жоғары экономикалық кеңес құрдым. Олардың алдына Қазақстан экономикасының жай-күйін бағалау және оны қайта құру жолдарын ұсыну міндеттері қойылды. Кеңес мүшелері 1996–1997 жылдары шетелдік жұмыс сапарлары кезінде стратегиялық жоспарлау мен құрылымдық реформаның халықаралық озық тәжірибелерін зерттеді. Қазақстандық сарапшылар ынтымақтастыққа тартқан шетелдік әріптестерімен тығыз байланыста еңбек етті. 1997 жылдың наурыз айында арнайы құрылған Стратегиялық жоспарлау жөніндегі агенттік жұмысқа кірісті. Қажетті ақпарат жинақталғаннан кейін ұзақ мерзімді стратегия құруға арналған методологиялық база жасау қажет болды. Бұл орайда, біз халықаралық тәжірибеге жүгіндік. Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының қолдауы арқасында Гарвард университетімен байланыс орнатып, стратегиялық жоспарлау бойынша семинар өткізудің мүмкіндігі туды. 1997 жылдың сәуірінде қазақстандық мамандар тобын Гарвард университетіне жоғары лауазымды қызметкерлерге арналған семинарға аттандырды. Осы семинар материалдарына және бізбен жұмыс істеуге ықылас танытқан әлемдік деңгейдегі жекелеген сарапшылардың көмегіне сүйеніп, болашақ стратегияның әдістемелік негізін қаладық. 1990-жылдың екінші жартысында, ел енді ғана ұзаққа созылған дағдарыстан шыға бастаған шақта, тұрақты экономикалық даму белгілері де, ұзақ мерзімге жоспарлаудың нақты негіздері де әлі байқалмаған болатын. Мемлекет кірістері мардымсыз болатын: Қазақстан мұнайы ның жыл сайынғы экспорты небәрі 3,5 миллион тоннаны құрады, 1996–1997 жылдары мұнайдың бір баррелі 19–20 доллар еді, 1998 жылы тіпті 12 долларға дейін түсті. Прагматикалық таным-түсінік елді ертеңгі жеңістер туралы ойлауға емес, күнделікті күнкөрісті күйттеуге мәжбүрледі.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.