Бір мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдардың бірінші жартысы Қазақстан Республикасының нақты егемендігін алуымен, мемлекеттігіміздің негізін қалыптастырумен, саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрақтандыруға жұмсаған ерен еңбегімізбен ерекшеленеді. Бұл жолда қол жеткізген үлкен жетістігіміз 1995 жылғы Конституция болды. Жаңа мемлекеттің берік іргетасы қаланғаннан кейін ел экономикасының дамуына жаңа серпін беретін өзгерістер қажет болды. Ең алдымен, болашағымызды айқындайтын негізгі стратегиялық маңызды мәселелерді шешу керек еді. Сонымен қатар алдымызда нарықтық реформаларды аяқтау және экономиканы қарқынды дамыту міндеті тұрды. Бұған дейін атқарған қызметіміздің барлығы осы міндеттерді орындауға алғышарттар жасап берді. 1995 жылға қарай Қазақстан экономикасы экспортты және ауылшаруашылық өнімдерін ұлғайту есебінен алғаш рет оң сауда теңгеріміне қол жеткізді. Сол жылы Үкімет, менің тапсырмам бойынша, өндірістің құлдырауын болдырмауға және халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған 1996–2000 жылдарға арналған индикативтік жоспар әзірледі. Дегенмен, экономикадағы осындай жүйелі өзгерістер қарқынын күшейту қажет болды. Биліктен жылдам нәтиже талап етіп, шыдамсыздық танытушылар да аз болған жоқ. Мұндайда мен – еліміз экономикалық реформа жасауға тек 1993 жылдың қарашасында, айналымға ұлттық валюта – теңге енгізілгеннен кейін ғана нақты кіріскенін сыншылардың есіне салатынмын. Кеңестік шаруашылық үйіндісінен – жаңа өмірге икемді экономика құрып, еркін нарықтық қатынастарға белсене араласып кету үшін екі жыл жеткіліксіз мерзім еді. Бұл – Қазақстанның үлкен жолға енді ғана қадам басқан кезі болатын.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.