Егеменді еліміз мемлекеттік құрылысқа аса мән берді. Басқарудың тиімді үлгісін іздеу жолында Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап атқарушы билік жүйесін жетілдіру менің басты назарымда болды. Көп жағдайда елдің күнделікті өмірі барлық мемлекеттік институттардың бірлескен жұмысына, ал реформаның табысы халықтың сеніміне ие орталық және жергілікті органдарды біріктіретін тиімді басқару жүйесіне тәуелді екенін түсінгендіктен, мен жаңа мемлекет жағдайында нағыз тұрақтылықты қауқарлы, вертикалды билік қана жүзеге асырады деп есептедім. 1990 жылдың қазан айында Жоғарғы Кеңес Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Декларация қабылдады, ал қарашада мен «Мемлекеттік билік құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР-індегі басқару туралы» заңға қол қойдым. Соған сәйкес ел Президенті атқарушы және жоғарғы биліктің басшысы болып табылады. Ол үкіметті құрып, министрлер мен мемлекеттік комитет төрағаларын тағайындайды. Мемлекеттің жалпыұлттық міндеттерді шешудегі күш-қуатын арттыру үшін мен Президент аппаратын үкімет аппаратымен біріктірдім. Сондай-ақ жаңа консультативті-кеңес органы – Республика Кеңесі бекітілді. Жоғарғы Кеңестен қысқа мерзім ішінде тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу талап етілді. Дегенмен депутаттар өздеріне тән әлдебір саяси түсінікпен оны жасауға асықпады. Ал мен кешіктіруге болмайтынын білдім. КСРО-ның ыдырауы қарсаңындағы әлсіреп тұрған саяси ахуал істі кідіртуге мүмкіндік бермейтін.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.