Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданыны тұрғындарымен кездесуде инфрақұрылым мәселесін қозғады. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жауап берген өңір басшысы ауданның әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Облыс әкімі алдымен «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысқан болатын. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға емдік-сауықтыру қызметі көрсетіліп жатыр. Осы орталық маңында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы грант алған шардаралық тұрғындардың тауар көрмесі де ұйымдастырылды. Облыс әкімі шағын және орта бизнес мемлекеттің тірегі екенін айтып, осы салаға қолдауды күшейтуді тапсырды.
«Шардара армспорт» спорт клубында өткен негізгі кездесуде тұрғындар тарапынан тұрғын үй, газдандыру, аурухананы күрделі жөндеуден өткізу, балық шаруашылығына субсидиялау және өзге де мәселелер бойынша сұрақтары қойылып, арыздары мен өтініштері тыңдалды.
— Өздеріңіз білетіндей, Президент тапсырмасымен әкімдердің есеп беру кездесулерінің форматы өзгерді. Кестеге сәйкес Шардара ауданына келіп тұрмын. Екінші жартыжылдықта тағы да өздеріңізбен жолығамын. Мұндағы мәселелерді жақсы білемін. Ауданның инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына қолдау көрсетіледі. Жақын уақытта ауданның газ мәселесі шешімін табады. Қамту көрсеткіші ұлғаяды. Балық шаруашылығын субсидиялау ұсынысы өте орынды. Шешімін табады деп сенемін. Түркістан облысын дамыту, Түркістан қаламын Түркі әлемінің орталығына айналдыру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Өңірде барлық салада тұрақты өсім бар , – деді Ө.Шөкеев.
Кездесуден кейін Өмірзақ Шөкеев бірнеше тұрғынды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Қабылдауда ауданда жайылымды карьерге айналдырмау жөнінде өтініш айтылды. Кәсіпкердің де уәжі тыңдалды. Мәселе бақылауға алынды.
Былтыр Шардара ауданының инфрақұрылымын жүргізу бағытында, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2 елді мекенде 6 жоба іске асырылды. Шардара елді мекенінде табиғи газ жүйесінің құрылысы жүргізіліп, Қоссейіт елді мекеніндегі мектеп пен дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілген. Бір мектеп пайдалануға берілді. Ауданға 29,7 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 11,6%-ға өсіп, 45,8 млрд. теңгені құрады. Биыл «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 700 гектар жерде 123 жоба іске асырылып, бірінші өнім жиналуда. 20 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, Қоғалы, Жемісті, Жеңістің 40 жылдығы, Мақташы, Талапты елді мекендерінің жаңа құрылыс аумағында электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.