Созақ ауданындағы «Дисада» ЖШС Біріккен Араб Әмірліктеріне 50 мың бас ұсақ малды сату жөнінде келісімшарт жасасқан. Бұл туралы өңір әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Биыл Созақ аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің тарапынан қолға алынған ауылшаруашылығы малдары етін экспортқа шығару жөніндегі жұмыстар оң нәтижесін берді. Осы жылдың тамыз айы мен қазан айында аралығында «Қара Құр» өндірістік кооперативінде өсірілген 2 688 бас еркек қаракөл тоқтылары Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығару үшін сатылды. Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа ұсақ мал мен қой, сиыр, түйе етін шығарумен айналысатын «Дисада» ЖШС-ның директоры Сүлейманов Санат: «Біз Созақ ауданы «Қара-Құр» өндірістік коперативінен 2 партия, барлығы 2 688 бас ұсақ мал төлдерін экспортқа шығарып отырмыз. Алдағы кезеңде араб мемлекеттеріне экспортқа аудан агроқұрылымдарынан ұсақ мал мен сиыр, түйе етін шығару ісін жүйелі түрде жалғастыратын боламыз», — дейді. Мұнан бөлек, серіктестіктің Біріккен Араб Әмірліктеріне 50 мың бас ұсақ мал төлін сату жөнінде келісімшарты бар. Бүгінде экспортқа тірідей мал төлдерін шығарумен айналысып жүрген шаруалар келешекте Созақтың Таукент кентінде орналасқан «Таукент мал сою цехын» күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосуды жоспарлап отыр. Мал сою цехы іске қосылғанда мұздатылған ауыл шаруашылығы малдарының етін де шетел нарығына шығаруға мүмкіндік пайда болмақ.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.