Қазақстан Президентінің алға қойған міндеттері мен атап көрсеткен басымдықтары аясында еліміздің фермерлері үшін бірқатар субсидия түрлері қарастырылды. Оның ішінде, өсiмдiк шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта өңдеп өсіруге жұмсалатын шығындардың құнын субсидиялау ұсынылған. Сонымен қатар жеміс-жидектер мен жүзімнің көпжылдық көшеттерін отырғызуға және өсіруге (оның ішінде қалпына келтіруге) жұмсалатын шығындардың құнын, минералды тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын, мақта талшығының, шитті мақтаның сапасына сараптама жасауға жұмсалатын шығындар құнын қаржыландыру қарастырылған.   Мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға жұмсалатын шығындар құнын қаржыландыру көзделген. Сондай-ақ субсидия арқылы өңдеуші кәсіпорындардың құрғақ сүт, сары май және ірімшік өндіру үшін шикізат сатып алуға жұмсайтын шығындарын, АӨК субъектілері жұмсаған шығыстардың бір бөлігін өтеу қарастырылады.  Бұдан өзге, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру бағыты аясында кредиттік және лизингтік міндеттемелері бойынша пайыздық мөлшерлемені қаржыландыру және мал, техника және технологиялық жабдықтарды сатып алуға арналған лизингтің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау шаралары бар. Сондай-ақ ревизия жүргізу одақтарының ауыл шаруашылығы кооперативтеріне ішкі аудит жүргізуге жұмсаған шығындарын мемлекеттік қаржылай қолдау қарастырылған. Қазақстандық фермерлерді мемлекеттік қолдау аясында ұсынылған субсидиялардың арқасында өнім, тұқым сапасы, көлемі біршама артты. Мәселен, тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде элиталық тұқымдар егілген егістіктердің үлесі 5,9%-дан 6,5%-ға дейін ұлғайды, сапасы төмен тұқымдарды пайдалану 11,8%-дан 9,2%-ға дейін төмендеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер (АШТӨ) егетін тұқымдардың сапасын жақсарту мақсатында олардың сортты алмастыру және сортты жаңартуды жүргізу үшін жоғары репродукциялы тұқымдарды сатып алуы субсидияланады.  Биыл тұқым шаруашылығын қаржыландыруға 9,1 млрд теңге бөлінді, бұл 38,4 мың тонна тұқым және 7,4 млн дана жеміс-жидек пен жүзімнің элиталық көшеттерін қаржыландыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, мемлекет минералды тыңайтқыштарды пайдалану көлемін ұлғайту мақсатында тыңайтқыштарды сатып алу құнын субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетеді. Ол үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметіне сәйкес, тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 19 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі кезде тыңайтқыштарға қаражат бөлу процесі толық автоматтандырылған. Оны алу үшін өтінім беруші тек электрондық өтінімді толтырады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен дерекқорлар интеграциясының арқасында, субсидия алуға берілген өтінім деректері автоматты түрде субсидиялау шарттарына сәйкестігіне тексеріледі.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.