Қазіргі күні мемлекет жеке үй шаруашылықтарының кооперациясын қалыптастыру және дамыту мақсатында қанатқақты жобаны қолға алды. Осы жоба бойынша кем дегенде 20 үй шаруашылығы бас қосқан жерде олардың кооперативі ұйымдастырылатын болады. Бұл кооперативтерден бірінші кезекте сүт өнімдерін жинаудың, содан кейін ет өнімдерін жинаудың тиісті схемалары әзірлену үстінде. Осыны жүзеге асыру мақсатында сүт қабылдау пункті ашылып, ол тиісті технологиялық құралдармен және сүтті тасымалдайтын көлік түрімен қамтамасыз етіледі. Мұнда сүттің сапасын және көлемін анықтайтын құралдар болады. Сүт жинайтын адам белгіленеді және кооператив басшысы сайланады. Бұл үдерістердің бәрі ауыл адамдарының қолдауымен ерікті түрде жүргізіледі. Біздің ойымызша, мұндай шараны ұйымдастыруды ауыл адамдары, яғни жеке үй шаруашылығының иелері қолдауы тиіс. Өйткені, кооперативтің оларға беретін пайдасынан басқа зияны жоқ. Олардың қолындағы өнімдерді тұрақты түрде жинап алу және оларды өткізу мәселесі шешілсе, мұның өзі әрбір үй шаруашылығы иесінің тұрақты кірісін арттыратындығы анық. Яғни ол өз үйінде отырып-ақ, тұрақты жұмыс тапқандай мүмкіндікке ие болады. Мұның сыртында, мемлекет осындай ұйымдасып тірлік құрып, кооперативке біріккендерге сол кооператив арқылы тиісті субсидиялар бере бастайды. Қазіргі күні мал шаруашылығында субсидияның 33 түрі бар. Мемлекет осы субсидияларға 69 миллиард теңге бөлді. Яғни, осыншама көлемде тегін көмек көрсетілді. Енді жаңа бағдарлама аясында осы субсидиялардың 34,5 миллиард теңгені қамтитын 6 түрі қайта қарастырылып отыр. Өйткені, бұл субсидияларды бұрын тек ірі шаруашылықтар алып келген болатын. Мәселен, ет бағытындағы субсидиялардың 60 пайызын 19 ірі мал бордақылау алаңы алып келді. Сүт бағытында да осындай жағдай орын алды. Бұл субсидияны алудың бір шарты оны алушының қолында кемінде 400 бас сиыр болу қажет еді. Енді осы талап 100 бас сиырға дейін төмендетілді. Әрине, ауылдағы әрбір үй шаруашылығында 100 бас сиыр бола қоймауы мүмкін. Бірақ 20 адам бірігіп кооператив құратын болса, қолдарындағы мал санын осынша басқа әбден толтыра алады. Міне, олар осылайша мемлекеттің субсидиясына, яғни тегін қолдауына ие болмақшы.
Медиаон ақпарат