Соңғы жылдары еліміз тарапынан баспана алудың мүмкіндіктері артып келе жатыр. Дегенмен,  әлі де қаншама қазақстандық жылы баспанаға зәру екенін де ұмытпақ емеспіз. Әлеуметтік маңыздылық қатарына жататын бұл мәселе бойынша Елбасы  «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасында баспана алудың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталып өтіп, «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алу бағдарламасын ұсынған болатын. «Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл — айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек.  Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет.   Сондықтан, мен «7 — 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын»,-деді Елбасы Н.Назарбаев. Елімізде уақыт өткен cайын баспана жағдайын жақсартуға ниет білдірушілер саны да артпаса кеміген емес. Мемлекет басшысы 2017 – 2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеуге тапсырма берген болатын. Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама қазақстандық отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған. Бүгінде аталған бағдарлама аясында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Соның жалғасында болып, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы халыққа қолжетімділік тудырды. «Жұмыс істейтін кез келген азаматтың жаңа талаптар бойынша ипотекаға қол жеткізе алуы айрықша маңызды. Бұл дегеніміз – біздің миллиондаған азаматтарымыз! Олар мерзімі 25 жылға дейін ұзартылған арзан ипотека ала алады. Осыған орай, бастапқы жарна 20 пайыздан аспайтын болады, ал бұрын бұл 50 пайыз болған еді» — деді Елбасы бұл туралы. Мемлекет басшысы бұл бастама аясында арзан ипотеканы, ең алдымен, жас отбасыларға беруді ұсынды. Содан бері елімізде «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңа баспаналар бой көтеріп, ипотекалық ұйымдардың жұмысына сең қозғалған болатын. Мәселен, «Баспана» Ипотекалық ұйымы келтірген дерек бойынша, өткен жылы 7-20-25 бағдарламасы бойынша банктер орташа алғанда бір жұмыс күнінде 30 несиені мақұлдаған. Ақшалай шаққанда, адамдарға күніне 369 млн теңге берілген. 2018 жылдың нәтижесі бойынша 7-20-25 арқылы мақұлданған несие сомасы 45 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде (қазіргі көлем 44,2 млрд теңге). Желтоқсан айында бағдарламаға Сбербанк қосылды. Осылайша, жыл соңында 7-20-25 аясында жұмыс істейтін банктер саны сегізге жетті. «Биылғы жылы Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасының» бірінші бастамасын іске асыру бойынша нақты шаралар атқарылды. 4-ші шілдеде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы ресми түрде жұмыс істей бастады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша құны 70 млрд теңгеден астам 6 мыңнан астам өтініш келіп түскен болатын. Соның ішінде құны 45 млрд теңгелік 3700-ге таяу ипотекалық несие мақұлданды», — деп атап өтті «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында. Қайрат Алтынбековтың айтуынша, қолданыста болған үйлерге несие беретін «Баспана-хит» бағдарламасы бойынша да құны 1,7 млрд теңгенің өтінімі мақұлданды. «Қазіргі таңда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысушы банктердің саны сегізге жетті. Олар: Банк ЦентрКредит, АТФБанк, Халық Банк, Цеснабанк, Forte Bank, Еуразиялық Банк, Bank RBK және Сбербанк. Айта кетер болсақ, ҚР Ұлттық банкі төрағасы аталған бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы  болатынын 5 мамырда хабарлаған еді. Ұлттық банк бекіткен бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар 7% жылдық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Келесі шарттарының бірі — алғашқы салым 20% болмақ. Жаңа ипотекалық займдарды ҚР кез келген азамат ала алады. Ол үшін ең басты шарт — адамның басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Бағдарлама бойынша Қазақстанның кез келген өңірінен Алматы, Астана, Атырау және Шымкент қалаларынан ең максималды 25 млн теңгеге, қалған өңірлерде 15 млн теңгеге баспана сатып алуға болады. Биыл елімізде 118 мың отбасыны баспанамен қамту үшін ауқымды құрылыс басталады. Жалпы аумағы 13 млн шаршы метр болатын тұрғын үй салу жоспарланып отыр. «7-20-25» бағдарламасын сәтті іске асыру үшін инженерлік коммуникациялардың құрылысын қаржыландыру 100 млрд теңгеге дейін артқан. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жыл сайын кемінде 1 мың жалға берілетін пәтерді салу бойынша тапсырманы орындау үшін қаржыландырудың тетіктері мен көздері айқындалған. Барлық қабылданған шаралар нысаналы индикаторларды — 2030 жылға дейін бір адамға 30 шаршы метрге дейін орындауға бағытталып отыр. Жобалау және құрылыс кезеңі кезінде отандық материалдарды қолдану мәселесі ерекше бақылауға алынуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыстағы қазақстандық қамту үлесі 77 пайызды құраған. Осыған байланысты деңгей 5 пайызға, оның ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша 86 пайызға артты. Ендігі кезекте өткен жыл қорытындысы бойынша өңірлерде  Елбасы Н. Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына тоқталамыз.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.