Ширек ғасырға жуық тойланып келе жатқан Елорда күнін шымкенттіктер «Арбат» демалыс аймағында салтанатты түрде атап өтті.
Мерекелік іс-шара Шымкент қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қаратау» қазақ халық аспаптар ансамблінің концерттік бағдарламасымен ашылды. Түркештің «Көңіл ашар», Құрманғазының «Балбырауын», Желдібайдың «Ерке сылқым» күйлері ұлттық аспаптардың күмбірлеген қоңыр үнімен шымкенттіктерді қазақтың дархан даласына жетелей түсті.
— Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойласақ, одан кейінгі айтулы мереке — елорданың Сарыарқа төріне көшірілуі. Бүгінде астанамыз Қазақстанның ең жас қаласы ретінде әлемге танылып үлгерді. Мерекеге орай Шымкент мәдениет үйінің майталмандары дәстүрлі ән шырқап, ұлттық би, күйімізді әуелетіп, Сіздерге ерекше көңіл-күй сыйлайды, — деді Шымкент қалалық мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Сайлаубек Лесбаев.
Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары «Үкілі қыз», «Бүлдірген», «Ақтамақ», «Ақ бұлақ» әндерін шырқап, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Қазына» би ансамблі «Алмалы бақ», «Достық» билеріне мың бұралып биледі.
Кеш барысында қала қонақтары мен тұрғындары арасында викториналық сұрақтар қойылып, ойын ойнатылды. Әр жеңімпаз арнайы сыйлық алып, кеш эстрада әншілеріне концертіне ұласты. Концерт шымкенттік жас композитор Берік Сексенбекұлының «Астана» әнімен қорытындыланды.
«Шымкент келбеті» — Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.