Үшінші мегаполисте халық саны өскен сайын түрлі өнім, қызмет түрлеріне деген сұраныс та артып келеді. Есесіне кәсіпкерлік нысан­дары көбейіп, бәсекеге қабілеттілері нарықта орнын тауып жатыр.

 Инвестиция тартудан алда келеді

Шымкент қаласының инвестиция тар­ту жағынан да көш бастап тұрғаны рас. Бұл туралы талай мәрте Үкімет отырысында да айтылды.

Мәселен жыл басынан бері Шымкент қаласының экономикасына 130,9 млрд теңге тартылып, өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда 28,6 пайызға арт­қан. Осы көрсеткішпен Шымкент елімізде инвестиция тартудан көш бастап отыр.

Шаһарда 2021-2025 жылдар аралығын­да жүзеге асырылатын құны 2,7 трлн теңге болатын 296 инвестициялық жобаның базасы жасақталған. Осы жаңа бастамалар арқылы 20 мыңнан аса жұмыс орындары құрылмақ. Оның ішінде биыл құны 241 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарланған.

Сонымен бірге, жалпы кәсіпкерлік қолдау картасы аясында биыл қалада 52,3 млрд теңгеге 16 жоба іске асырылып, 1 043 жұмыс орны құрылады.

Шымкенттің инвестициялық тартым­ды­лығын арттыру үшін кәсіпкерлер мен инвесторларға «бір терезе» қағидатымен «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-кеңсесі жұмыс істейді. Мекеме кеңес беру, мемлекеттік қызмет­терді көрсету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға сүйемелдеу және инвестор­ларға жолығатын шектеулерді жоюға көмектеседі.

Ал инвестициялық жобаларға мони­торинг жасап, мәселелерін шешу және қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб құрылған. Апта сайын өтетін штаб отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын тұрақты бақылап отырады.

Инвестициялық жобалар ел экономикасына тиімді

Жуырда өткен кезекті инвестициялық штаб отырысында кәсіпкерлер жаңа ин­вес­тициялық жобаларын таныстырып, олар­дың өңір және ел экономикасына тиім­ділігі жөнінде ұсыныстарын атап өтті.

Мақұлданған жобалардың қатарында полипропилен жібін шығаратын «Агро­полимер» ЖШС бар. Өндіріс 2023-2024 жылдары іске қосылады. Инвестиция көлемі 1,94 млрд теңгені құрайтын жоба нәтижесінде 41 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Осынау жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкер «Оңтүстік» арнайы эконо­микалық аймағынан 2 гектар жер беруін сұрады.

Ал, сутегі асқын тотығын өндіретін HYDROGEN ENERGY ЖШС 30 адамды жұмыс орнымен қамтымақ. 4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба 2023-2024 жылдары жүзеге асады. Жылына 8 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы кәсіпорын үшін «Оңтүстік» АЭА-дан 2,4 гектар жер телімі берілетін болды.

Шымкент

Монтаж көбігін өндіретін жобаның құрылысын биыл бастау жоспарланған. 250 млн теңгелік инвестициялық жоба нә­ти­жесінде 20 адам жұмыспен қамты­лады. «Оңтүстік» АЭА-дан 0,3 гектар жер теліміне сұраныс білдірген BERPER GROUP өндіріс орны жылына 30 мың банкі шығару мүмкіндігіне ие.

Минералды тыңайтқыштар мен агро­хими­каттар өндіретін жаңа жобаның құны – 450 млн теңге. «Ана-Жер» ғылыми-өн­ді­рістік бірлестігі құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен 2022-2025 жылдарға жо­балап отыр. Жылдық қуаттылығы – 300 мың литр. Осынау кәсіпкерлік нысанына «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 1 гектар жер берілді. Инфрақұрылыммен қамту жөніндегі өтініші қала басшысымен мақұлданды.

Қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы экономиканың қуатын арттыратын әрі импортқа тәуелділігін азайтуға септігін ти­гі­зетін бірегей жобалар бюрократиялық кедергілерге кезікпеу керектігін атап өтті. Сонымен бірге, әрбір жобаның іске асы­рылу барысы жіті бақылауда болатынын жеткізді.

Тамақ өнеркәсібі индустриалды айма­ғы құрылып жатыр

Айта кетейік, «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 жоба іске қосылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Оған 62 млрд теңгенің инвестициясы тар­тыл­ды. Ал «Тассай» индустриалды айма­ғын­да жалпы құны 26,3 млрд теңгелік 17 жоба іске қосылып, онда 1 мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Көлік логисти­калық аймағында 32,5 млрд теңгеге 53 жұмыс орнын құрумен 7 жоба жүзеге асы­рылып жатыр. Бүгінде 15,9 млрд теңгеге 225 жұмыс орнын құрумен 3 жоба жүзеге асырылған.

Ал, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 53,9 млрд теңге тұратын 26 жоба іске асырылып, 2,4 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ауыл­шаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылуда. Жалпы 1 500 жұмыс орындық 23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ.

Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құ­райтын аймақта инженерлік инфрақұры­лым жүйелерінің құрылысы жүруде. Қала әкімі аталмыш аймаққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын тек­серді. Мұнда қазір 15 шақырымдық суақ­қы жүргізу жұмыстарының 12 шақырымы аяқталған. Осы жылдың маусым айында ауыз су жүйе­сін тарту жұмысы басталған. 19,3 шақырым­ды құрайтын электр желі­лері тартылуда.

Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.Демек, Үкімет отырысында айтыл­ған­дай, Шымкент инвестиция тартудан әрқашан көш бастап тұра береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.