Сайрам ауданында жаңа екі нысан ашылып, ел игілігі үшін жұмысын бастады. Оның бірі сүт-ет және кондитер өнімдерін шығаратын кәсіпорын болса, екіншісі жылыжай кешені. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды. Жоба Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының Индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Бұл ретте өнім өңдейтін кәсіпорын құны 300 млн. теңгені құрайды. Кәсіпорынның жылына 100 тонна сүт өнімдерін (сүзбе, қаймақ), 100 тонна кондитер бұйымдарын және 700 тонна ет өнімдерін (шұжық) шығаруға қауқары бар. Жоба бойынша 75 жаңа жұмыс орны ашылған. Тамақ өнімдерінің кең түрін шығаратын кәсіпорынға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 118,0 млн.теңгеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылып, алынған несие бойынша 25 млн. теңге көлемінде пайыздық мөлшерлеме субсидиялануда. Жоба өңірдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Ал Индустрияландыру картасы аясындағы екінші нысан — жылыжай кешенінің құны 488,9 млн. теңгені құрайды. Аумағы 2 гектар жылыжайда 43 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, жылына 1200 тонна қызанақ өсірілетін болады. Кәсіпорын қыс мезгілінде қызанақ бағасын тұрақты қалпында ұстап тұруға мүмкіндік беріп, өңірдің азық-түліктік қауіпсіздігіне септігін тигізеді. Жоба толығымен «Қазагроқаржы» АҚ тарапынан қаржыландырылған, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.