Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланғаны, 251 жоба іске асып, 123 нысанның құрылысы аяқталғаны жұртшылыққа мәлім. Бүгінде шаһарды дамытудың 2-кезеңі қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы құрылыс нысандарын жаяу аралап, жұмыс барысын кезекті рет қадағалаудан өткізді. «Алдымызда Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру міндеті тұр. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан жауапты басшылар, инвесторлар, осында құрылысқа атсалысып, жобаны жүзеге асырып жүрген азаматтар өз істерін адал атқарулары тиіс. Қаланы 100 пайыз газдандыру нәтижесінде экологиясы жақсарды. Жан-жақтан су көздерін тауып, қаланы жасыл желекпен көмкерудеміз. Тұрғындарға және қонақтарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде атқарыла береді», – деген Өмірзақ Шөкеев әрбір нысан бойынша өз ұсыныстарын мен ескертпелерін білдірді. Сондай-ақ облыс әкімі мердігер компания басшыларымен, құрылысшылармен сөйлесті. Қалалық саябақ, Б.Саттарханов даңғылының сол жақ бөлігін абаттандыру, осы даңғылдағы желілік саябақтарды ел игілігіне беру бағытындағы жұмыстарды да көріп, тиісті тапсырмалар берді.