МЫРЗАШӨЛДІҢ МАҚТАНЫШЫ БӨРІ ИСА АРДАҚТАЛДЫ

 

Туған жерінің өнерін асқақтатып, елі үшін еңбек еткен азаматтар үнемі ел аузында жүретіні ақиқат. «Жанған шырақ жарық берер, жарық берген шырағыңды халық көрер» деген Әйтеке бидің ел үшін қызмет еткен азаматтарға айтқан даналық сөзі бар. Саналы ғұмырын өнерге арнап, туа бітті талантымен ерекшеленіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген тұлғалар көп емес. Соның бірі — танымал күйші әрі композитор, өнері асқақ дара тұлға Бөрі Иса.

50 жылдан астам уақытын өнерге арнаған Мырзашөлдің мақтанышы болған Бөрі Иса ағамыз 77 жасқа толып отыр.

 

Жақында ғана Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясы ғылыми кеңесінің шешімімен «Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториның Құрметті профессоры» атағын алған өнер иесінің «Өмірім менің – өнерім» атты шығармашылық кешін Жетісай халқы зор қошеметпен тамашалады.

 

Қ.Жандарбеков Жетісай драма театрының ғимаратында өткен Бөрі Исаның жеке өнер кешіне аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов пен әжелер алқасының төрайымы Айжамал Қоңырбаева, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет майталмандары, аудан тұрғындары мен БАҚ қатысты.

 

«Бөрі Иса ағамыз тек Мырзашөлдің ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы. Ел аузында жүрген «Алматыда Нұрғиса, Жетісайда Бөрі Иса» деген сөз бекер емес. Композитордың «Мерекелік күй», «Желтоқсан», «Наурыз тойы», «Ұстаз», «Әлқисса-Нұрғиса» сынды күйлері халық арасында кең таралған. Ағамызды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып шығармашылық табыс, деніне саулық тілеймін! Шабыттанудан шаршамай, ел жадында мәңгі сақталар туындыларыңыз таусылмасын» деген ізгі тілегін айтқан аудан басшысы мерей той иесіне құттықтау хатты табыстап, иығына зерлі шапан жапты.

 

Өнер кешіне арнайы «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі және оның бас дирижеры ҚР Мәдениет саласының үздігі Ерлан Дәуренбеков, Оразәлі Жаңабай, Руслан Ақынбеков, Шыңғыс Исаев, Құрманғазы Абдухаликов сынды өнер майталмандары қатысып, көрермендерге рухани демалыс сыйлады.

 

1945 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданында дүниеге келген Бөрі Исаұлы алғашқы еңбек жолын 1963 жылы Жетісай халық оркестрінің дирижері болып бастаған. 1966-1971 жылдары Қазақ Мемлекеттік консерваториясын концерт орындаушысы, оқытушы, ұлт аспаптар оркестрінің дирижері мамандығы бойынша аяқтап, 1972-1996 жылдары Жетісай қазақ музыка театрының бас дирижері болды. 1997-2020 жылдары «Сырдария» университетінде «өнер» кафедрасының доценті болып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Егемен елдің мәдениет саласына қосқан сүбелі еңбегі еленіп «Мақтарал ауданының Құрметті азаматы», ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР композиторлар одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры атақтарының иегері болды. 10-нан астам кітаптары жарық көрді. 1967, 1972, 1976 жылдары Бүкіл одақтық фестивальдардың лауреаты атанды.

 

Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.