Мақтаарал ауданын жаңбыр суынан тазарту жұмыстары жалғасуда. Бұл мақсатта жеке құрамнан 198 адам мен 27 арнайы техника жұмылдырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жергілікті мемлекеттік органдар мен облыстық, аудандық төтенше жағдайлар қызметіне тиесілі 63 бірлік мотопомпа және жеке кәсіпкерлер, аудан тұрғындарына тиесілі 150-ден астам су сору құралдары жаңбыр суын сыртқа ағызып жатыр. Ұзындығы 12 шақырымға жуық арық-атыздар қазылып және тазаланып, қазіргі жағдай бойынша 58050 текше метр су аумақтардан шығарылды. Қазіргі кезде ауданның ірі коллекторларында судың деңгейі айтарлықтай түскені байқалады. Жеті коллекторда да су деңгейі төмендеген. Бүгін аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі штабтың кезекті отырысы өтті. Мәжіліске облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрғали Жүнісов қатысты. Жиын барысында бекітілген кесте бойынша штаб мүшелері өздеріне тиесілі жұмыстардың барысы туралы баяндап, елдімекендердегі ахуал туралы айтылды. Қазіргі таңда жағдай тұрақталған. Дегенмен, ауданға қарасты Мақтаарал ауылдық округінің кейбір елдімекендерінде жағдай әлі де күрделі. Осыған байланысты аудан басшысы тарапынан су тарту, оны қашырту жұмыстарын бәсеңсітпеу керектігі айтылды. Полковник Н.Жүнісов тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтты. Мәселен, кенттер мен округтерге бөлінген мотопомпалар арқылы ең бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және үйіне кіріп-шығу мүмкіндігі жоқ тұрғындарға көмектесу керектігін жеткізді. Департамент бастығы тік дренажды ұңғымалардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету керектігін айтып, сала мамандарына тапсырмалар берді. Айта кетейік, Мақтаарал ауданында наурыз айының басынан бері толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бірнеше елдімекендерде көшелер мен үй аулуларын су басу жағдайлары орын алған болатын. Қазіргі таңда ахуал тұрақталғанымен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі штаб жұмысын жалғастыра бермек.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.