Ағымдағы бағалау бойынша, биыл қазақстандықтардың баспанаға деген қажеттілігі шамамен 16 мың пәтерді құрайды
Ұлттық банк меншік құқығында баспанасы бар азаматтарға «7-20-25» бағдарламасына қатысу құқығын беруді ұсынып отыр. Үкіметте ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев президенттің бастамасымен іске қосылған «7-20-25» бағдарламасы қалай іске асып жатқанына тоқталды. «7-20-25» бағдарламасына қатысу талаптарының бірі – азаматтың меншік құқығында баспанасының болмауы. Алайда, Ақышевтің айтуынша, басында баспанасы болса да, тағы да пәтер сатып алғысы келетіндер көп. Олар көп балалы отбасылар, балаларына баспана сатып алғысы келетін ата-аналар, басқа өңірлерге көшетін азаматтар болуы мүмкін.
«Халықтың қажеттілігін назарға ала отырып, ұлттық банк үкіметке меншік құқығында баспанасы бар азаматтарға бағдарламаға қатысу құқығын беру мүмкіндігін зерделеуді ұсынады», — деді Ақышев үкімет отырысында. Оның айтуынша, ағымдағы бағалау бойынша биыл қазақстандықтардың баспанаға деген қажеттілігі шамамен 16 мың пәтерді құрайды. Сондай-ақ бағдарламаны жандандыру үшін былтыр желтоқсанда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына өзгерістер енгізілген.»Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салымшылар мен кезекте тұрғандарға және барлық азаматтарға «7-20-25″ бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздар арқылы сатылуы мүмкін», — деді Ақышев. Бұған қоса, бастапқы жарнаны азайту үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарына қолдау көрсетілуде. Атап айтсақ, жеңілдікпен берілетін ипотека бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау механизмі енгізілді.
Медиаон ақпарат