Тағылымды сөзімен ұрпағына ұлағат бере білген, ұлылықтың ауылына да ақ ордасын қондыра алған халықтың өз азаттығын, өз Тәуелсіздігін, еркіндігі мен егемендігін аңсаған күндері тарихтың еншісінде қалды. Әлем аясында өзін дербес ел ретінде айқындап, мойындатып, тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп келе жатқанына да — 30 жыл. Осы жылдардың ішінде бары мен жоғын түгендеген халықтың тамыры тереңге кеткен ұлы шежіресінің қайнарынан сусындаған тарихи санасы да қайта жаңғырықты. Оянған сананың көзімен қарады: азаттық дейтін қасиетті ұғымның тағдыры талай мәрте сынға түсіпті, қылыш жүзінде тұрыпты, нысанаға ілінген, көкірекке шер боп байланған, көз жасы боп төгілген. Бірақ бағзы бабалардан бастау алған азат рухтың туы біржола құламаған. Жалғасқан: ұжданды ұлдың ерлігімен, найза ұстаған білектің қуатымен, қастерлі халықтың киелі батасымен, өршіл өнерімен. Сынбаған. Біріне-бірі іштей үндесіп жататын қасиетті күрестер — соның куәсі. Азаттық үшін болған үлкенді-кішілі ұлы күрестердің киесіз саналар бірі жоқ. Қан төгілген. Жанын құрбан еткен. Соның бәріне де Ұлы Дала куә. Бүтін бір ұлт үшін бағзыдан арман болған, ұлы күрестерде ұлдары шәйіт болған халықтың ұлы мұраты Азаттық болып келді. Азаттық Ананың көзінен қуаныш жасы болып төгілді, қара көз қыздың жанарында қайсарлықтың рухы болып ойнады, бөбектің көкірегіне болашақтың гүлі болып егілді. Жаңа ғасырдағы келешектің жолы салынды: киелі азаттықты тұғырлы ету мақсатында, тағылымды күрестердің иесі — халықты әлемге танытпақ үшін, өркенді ел болмаққа. Ұлы мақсат жолына апара жатқан ұлы жолдағы халықтың тілегі — азаттықтың баяндылығы мен тыныштығы. Әлемге танылған өркенді елдердің тәжірибесінен үйренбек үшін, соны білімнің соқпағына ұл-қызын жетелеп апармақ үшін, қаласын да, даласын да құт мекенге айналдырмақ үшін бейбіт күннің жарық сәулесін тілек етеді. Азаттық — 30 жыл. Ширек ғасырда атқарылған істердің тағы да бір сарапқа салынар тұсы, кеше мен бүгіннің, бүгін мен болашақтың Азаттық дейтін қасиетті іргетастың үстіне қаланған қабырғасының қайта бір толығар тұсы. Ұлы шайқастарда жанын берген боздақтар мен арыстардың аруақтарына мың тағзым!

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.