Жас мемлекет үшін тырнақалды сыртқы саяси қадамдар ауырға соғады. Қазақстанға өзінің сыртқы саясатын тыңнан бастауға тура келді. Сыртқы саяси бағытты қалыптастырудың негізгі қиындығы елдің өз тәуелсіздігін тыныш та тұрақты жағдайда емес, мүлдем жаңа геосаяси жағдайда бастауында болатын. Дәл осындай кезеңде мемлекеттің Қазақстанның мүдделеріне тікелей немесе жанама әсері бар халықаралық процестердегі ұстанымдарын мүлтіксіз белгілеу қажет болатын. КСРО-ның ыдырауы жаһандық және аймақтық деңгейде түрлі зардаптар туындатты. Посткеңестік кеңістікте қарулы жанжалдар пайда болды. 1992 жылдың наурыз-сәуірінде Мохаммед Наджибулла режимінің күйреуі Ауғанстанда ішкі соғыстың туындауына әкеліп соқты, мамырда Тәжікстанда қақтығыстар басталды. Тұрақсыздық қатері әзірге өз қауіпсіздігі мәселесін шеше алмаған, сондықтан әлсіз болып отырған ортаазиялық жаңа мемлекеттерге де төнді. Қазақстанның өз ішіндегі және одан тысқары аймақтағы түрлі күштер арандату әрекеттері арқылы қазақстандықтарды бір-бірімен ғана емес, сондай-ақ көршілерімен де жанжалдастыруға тырысты. Кеңестік дәуірдің ауыр мұраларының бірі – Қазақстан үшін көрші мемлекеттермен аумақтық дау-дамай болатын. КСРО-ның ядролық арсеналының қомақты бөлігіне ие болып қалған тәуелсіз Қазақстан жетекші державалардың қатаң бақылау объектісіне айналды. Халықаралық саясатта қалыптасқан стереотиптерге орай, олардың өздеріне мүлдем бейтаныс жас мемлекетке деген көзқарасы әртүрлі болды. Басында біздегі ақиқатты білмеген олар Қазақстанды ядролық қаруы бар және бүкіләлемдік қоғамдастыққа қатер төндіретін ислам мемлекеті деп қабылдады. Бұл жағымсыз образ бізге ғана емес, сондай-ақ біздің болашақ әріптестерімізге де кедергі келтірді.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.