Шымкентте көшелерді жарықтандыру жүйесін басқарудың жаңа диспетчерлік орталығы іске қосылды. Орталық жұмысымен қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков таныстырды.
Жоба қалалық цифрландыру басқармасымен бір жүйеге қойылған. Осылайша алдағы уақытта «Ақылды қала» жобасы аясында шаһардағы жарықтандыру жүйелерін толықтай автоматтандыру көзделіп отыр.
– Диспетчерлік пунктің жұмысы автоматтандырылған. Тәулік бойы оператор барлық жүйенің жұмысын бақылап отырады. Тағы бір ерекшелік – мамандар жарық шамның іске қосылу мерзімін жыл мезгілі, күннің шығуы мен батуына орай өзгертіп тұрады. Мысалы, қазіргі таңда шамдар кешкі 21:00-де жанып, таңғы 05:30-да өшеді, – деді Боранбай Болатбеков.
Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырылуда. Жүйені күтіп-ұстау, автоматтандырылған желіге қосумен «АВМ Building» ЖШС айналысады. Мекеме Шымкентте 2021 жылыдң наурыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Диспетчерлік орталықтың штатында 5 адам бар. Ауысым бойынша күндіз екі маман, түнде бір диспетчер кезекшілікте отырады.
Қазіргі таңда орталық жүйесіне 40-қа жуық көше қосылған. Жыл соңына дейін ондай көшелер санын 100-ге жеткізу көзделіп отыр. Алдағы уақытта әр шамның пайдаланатын электр энергиясының киловаты, түнде көлік қозғалысы баяулағанда шамдардың жарық беру пайызын автоматты түрде төмендету арқылы энергия үнемдеу сияқты функцияларды іске қосу жоспарлануда.
«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев
Фото – Серік Қосаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.