Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ бап, Қарабура кесенелері бар киелі мекен, кезінде мәдениеттер өркениеті тоғысқан, облыстың үштен бір бөлігін алып жатқан шежірелі Созақтың тарихы тереңде жатыр. Оған Теріскейлі қарт Қаратау куә. Талай ақын-жазушылардың, ғалым-зерттеушілердің еңбектеріне арқау болған қазыналы өңірдің бүгінгі келбетімен таяуда облыс журналистері танысып қайтты. «Дархан-ас» тұз шығаратын зауыты. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында орта және шағын кәсіпкерлікке кеңінен тоқталып, әсіресе аграрлық өнеркәсіпті дамытуға мейілінше баса назар аудару керектігін айтып келеді. Сондай-ақ осы бағытта кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген азаматтарға барынша мол мүмкіндік беруді тапсырған болатын. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда Созақ ауданының тұрғындары 47 мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр.  Тоқтар Тәжібеков – мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлердің бірі. Оның «Құрманәлі» шаруа қожалығында 1530 қой бар. Қазір қойдың қазақы және қылшық жүнді түрлерін будандастырып, бір қойдан 80 келі ет алып отыр. Алдағы уақытта ұсақ малды шетелге экспорттауды мақсат еткен. 2016 жылы ауданнан 2688 ұсақ мал Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарылған болатын. Биылғы жылы нарыққа 10 мыңнан аса мал сату жоспарланған.  – Созақ жері мал асырауға өте қолайлы. Ал табиғи, құнарлы шөптерді жеп өскен малдардың еті де жақсы болады. Сондықтан да шетелге экспорттауға тиімді. Осыны ескеріп алғашқыда «Созақ несиеден» 3 миллион алып, жүз шақты қой асырай бастадық. Кейіннен басқа да малдарға біртіндеп көштік. Қазір мемлекет кәсіп бастаймын деген азаматтарға көп мүмкіндік беріп отыр. Жалпы өкіметтен 10 миллион теңге көлемінде субсидия алдым, – дейді «Құрманәлі» шаруа қожалығының басшысы Тоқтар Тәжібеков. Үш отбасы жұмысқа тартылған шаруа қожалықта қойдан бөлек 61 сиыр, 121 бас жылқы және 345 түйе бар. Сүт пен қымызды қоспағанның өзінде кооперативке күніне 30 литрден 100 литрға дейін қымыран тапсырады. Ал бұл өткізілген түйе сүтін қабылдап, оны өңдейтін «Аруана» өндірістік кооперативі Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауыл округінде орналасқан. – Цехтың ғимаратын жөндеп, түйе сүтін өңдеп шығаратын құрылғыны алу үшін «Ырыс» несиеден 12 миллион теңге несие алдық, – дейді «Аруана» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жанболат Әдишов.  Күніне 1 тонна сүт өндіретін кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді. Келешекте бұл көрсеткішті 5 тоннаға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазір мұнда қымыраннан бөлек, айран, иогурт, кілегей секілді өнімдер де шығарылуда.  – Қазіргі дәрігер-ғалымдар уран өндірілетін аумақтағы тұрғындарға күніне жарты литр қымыран ішіп тұруға кеңес береді. Өйткені, мұндай жерлердегі адамдар туберкулез және түрлі ісік ауруларына шалдығуы мүмкін. Ал қымыранның осы дерттерге қарсы емдік қасиеті бар, – дейді «Аруана» кооперативінің инженер-технологы Көшбаев Сәрсен.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.