Еңбекші ауданының ардагерлері құрметке бөленді

0

Шымкент қаласы Еңбекші ауданының ардагерлері ардақталды. «Қарттар күні» мерекесіне орай, аудан әкімдігі тыл ардагерлерін, зиялы қауым өкілдері мен ақ жаулықты әжелердің басын қосып, ізгі тілектерін білдірді.

– Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өздеріңіздің қосқан үлестеріңіз мол. Бүгінде ортамызда жас буынға ақылман ата, көреген әже болып, өз ақыл-кеңестеріңізді беріп отырсыздар. Сіздер барда біз тура жолдан адаспайтынымыз анық, — деді Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек құттықтау сөзінде.

Салтанатты жиында қала мәслихатының депутаты Мұратәлі Қалмұратов та ел ағаларына деген ақжарма тілегін айтып, осындай ақ дастархан жайып отырған аудан әкімдігі мен кәсіпкерлерге алғысын жеткізді.

– Кешегі білікті маман мен іскер басшы болған азаматтар бүгін арамызда ақ сақалды ата, мейірімді әже атанып, жастардың бағдаршамы болып отыр. Біз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін халықтың ұрпағымыз. Мұндай дәстүр атадан балаға өтіп, міне бүгінгі күні қартымызды төрге шығарып, ақ батасымен өсіп-өніп жатырмыз. Ата дәстүрден жаңылмай, «Қарттар күні» болсын, басқа да мерекелерде ардагерлерге құрмет көрсетіп, ыстық ықыласына бөлеп жүрген аудан әкімдігі мен кәсіпкерлерге алғысым шексіз, — деді М.Қалмұратов.

Осы игі іс-шара «Ордабасы индустриалды аймағы» ЖШС-і демеушілігімен ұйымдастырылып отыр. Аталған мекеме мереке қонақтарына өздерінің бағалы сыйлығын тапсырып,  ақжарма тілегін айтты. Осылайша салтанат сарайында ардагерлер зор құрметке бөленіп, өнерпаздардың өнерін тамашалады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *