Шымкент қаласы тұрғындарының тұрғын үймен қамтамасыз етілуін жақсарту бағытындағы жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Бүгінгі таңда тұрғын үй алу кезегінде 51 360 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтар, мемлекеттік қызметшілер мен апатты үйде тұрып жатқан азаматтар бар.
2024 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында 1 000 азаматқа сатып алу құқығынсыз арендалық пәтер беріледі. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 200 пәтер, көпбалалы отбасылар – 351 пәтер, әлеуметтік осал топ өкілдері – 449 пәтер. Бүгінгі күнге дейін 414 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2023 жылдан өтпелі болған 280 арендалық пәтер биыл берілген. Түгендеу жұмыстары нәтижесінде тұрғын үй кезегінен 4 822 азамат шығарылған.
– Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйдің жалдау шартының талаптарының сақталуы міндетті. Тұрғын үйді тиімді пайдалану мәселесі қатаң бақылауда. 2024 жылы 1 000-нан астам пәтер тексеріліп, оның ішінде 39 отбасының тұрғын үйді үшінші тұлғаларға жалға бергені анықталды. Нәтижесінде тиісті актілер толтырылып, ескертулер жасалды. Өз еркімен 28 пәтер мемлекет меншігіне қайтарылды, – дейді Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азат Исламов.
«2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары арқылы 1 793 пәтер Отбасы банк арқылы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Қамқор» өңірлік бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге, Отбасы банкінен 3 млрд теңге бөлініп, 400-ден астам отбасыға жеңілдетілген несиелер ұсынылды.
Сонымен қатар, осы жылы 519 азаматқа 461,9 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді. Олардың басым бөлігі көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және бюджеттік мекеме қызметкерлеріне бағытталған.
– 2022-2024 жылдар аралығында 5 200 отбасының жалдау төлемінің 50%-ы мемлекет есебінен төленді. 2024 жылы 486 млн теңге көлеміндегі субсидия 2 509 азаматқа бөлінді. Субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тұрақты түрде тексеріліп отырады, – дейді Азат Рахымбердіұлы.
Шымкент қаласының тұрғын үй саясатының негізгі мақсаты – тұрғындарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ету. Бұл бағытта мемлекеттік және жергілікті бағдарламалар аясында қомақты жұмыстар атқарылуда. Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатындағы шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.