Мемлекет басшысы ұлт саулығына зиянын тигізетін нашақорлық пен есірткіге қарсы күрестің көкейкесті міндет екенін үнемі айтып келеді. Соңғы жолдауында да есірткімен күрестің маңызына тоқталып, «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады» деген болатын.
Бүгін қаламызда Шымкент қаласының Полиция департаменті мен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шымкент – есірткісіз қала» атты іс-шарасы өтті. Науқанға 1500-дай еріктілер, студент жастар қатысты. Аталған акцияның мақсаты – жастарға синтетикалық есірткінің зияндылығын түсіндіре отырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады.
– Қазіргі таңда елімізде белең алған синтетикалық есірткінің әсіресе жастар арасында кең таралуы және оның алып келетін салдары мен жауапкершілігін түсіндіру біздің мақсатымыз. Қалада 70 учаскелік полиция пунктері жұмыс істейді. Осы пунктерге 1500 ерікті жастарды бөліп, қаланың түкпір-түкпірін қалдырмай, аула, көшелерді аралап, есірткі жарнамаларын жоямыз, – деді Шымкент қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Арман Бейсенбаев.
Жиын барысында мамандар тәжірибе жүзінде есірткі таратушыларды байқаған жағдайда, әрекет ету тәртібі туралы толыққанды көрсетіп, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға үгіттеді. Жастар тиісті сала мамандарына көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алып, өзара еркін пікір алмасты.
Сонымен қатар, белсенді жастар еліміздегі ең маңызды шешімдердің бірі АЭС салу, рефернедум мәселесіне де үн қосып, өздерінің өзіндік пікірілерімен бөлісіп, маңызды шешімді ел болып қабылдауға, референдум күні белсенді болуға шақырды.
Сондай-ақ еріктілер қаладағы есірткі тарататын жазуларды жоюмен қатар, есірткі нүктелерін анықтауға қатысып, 10000-дай үнпарақтар таратады.