Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбаймен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстанның ХАҚҚ-дағы Қазақстандық төрағалығының бастамаларына қатысты мәселелер, сондай-ақ алдағы кезеңге іс-шаралар кестесі талқыланды.
Атап айтқанда, Министр су ресурстарын тиімді пайдалану саласында үйлестірілген өңірлік саясатты, Арал өңіріндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған экологиялық және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу мен ілгерілетуде Қордың маңызды рөлін атап өтті.
Осыған орай, 2023 жылғы қыркүйекте Душанбедегі Ұйымның саммитінде Мемлекет басшысы бекіткен еліміздің ХАҚҚ-дағы төрағалығының басымдықтарын іске асыруға Қазақстан тарапының ұмтылысын білдірді.
А. Оразбай өз кезегінде Қордың алдында тұрған өзекті міндеттер, Арал өңірі проблемаларын шешу, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қолайсыз аймақтарды оңалту мәселелері бойынша халықаралық әріптестермен өзара іс-қимыл жөнінде ХАҚҚ Атқарушы комитетінің қызметі туралы хабардар етті.
Анықтама: ХАҚҚ қалаушы-мемлекеттер басшыларының шешіміне сәйкес, Қордағы төрағалық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Тәжікстаннан Қазақстанға үш жыл кезеңіне табысталды. 2024 жылғы 10 қаңтарда Асхат Оразбай Қордың Атқарушы комитетінің төрағасы болып тағайындалды.