Бүгін Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылының маңында орналасқан халықаралық маңызы бар автожол тоннелі ел игілігіге пайдадануға берілді. Салтанатты шараға ҚР Көлік вице-министрі Аблалиев Сәтжан, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Жамбыл облысы әкімнің орынбасары Қанатбек Мәдібек, сала мамандары мен екі облыстың ақсақалдары қатысты.
Маңызды нысанның ашылу салтанатында алғысөз алған Көлік вице-министрі тұрғындарды қуанышымен құттықтап, салада атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
– Бұл – Қазақстанның көлік инфрақұрылымы үшін маңызды оқиға. Еліміздегі алғашқы тоннель. Бүгін ашылғаннан кейін негізгі көлік ағыны Шақпақ Баба елді-мекенінің айналма жолына бағытталды. Бұл елді мекеннің ішіндегі жол қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізбек. Сонымен қатар нысан қыста жүргізушілердің Шақпақ баба асуында қар құрсауында қалып қоймауына мүмкіндік береді, – деген Сәтжан Аблалиев жол пайдаланушыларына жайлы және қауіпсіз жол тіледі.
Басқосуда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов құттықтау сөз алып, нысанның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін біз еліміздегі ең маңызды әрі құрылысы күрделі нысанды тапсырғалы тұрмыз. Түркістан облысы мен Жамбыл облысын байланыстыратын автожол тоннелі республикадағы көлемі бойынша ең ұзын тоннель екендігін атап өткім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында еліміз Азия мен Еуропаны қосатын әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналу қажеттігін атап өтті.
Бұл құрылыс – еліміздегі автомобиль жолдары саласындағы бірегей жоба. Түркістан облысы, Шақпақ Баба асуындағы екі жолақты тоннелдің ұзындығы 840 метрді құрайды. Ені – 11 метр, биіктігі – 8 метр.