Жоба бойынша 1367 метр құбырды толық ауыстыру көзделіп отыр. Жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстары қараша айының ортасына дейін аяқталуы тиіс.
Шымкент қаласында 2024 жылға жоспарланған су құбыры желілерін жаңарту жұмыстары аясында маңызды жобалардың бірі бастау алды. Бүгін қаланың Өңірлік коммуникациялар қызметі мен БАҚ өкілдері Ватутина көшесіндегі су құбыры желісін қайта құру бойынша өткен баспасөз турына қатысты. Жоба ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қала әкімдігінің бірлескен инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бағдарлама 2023-2026 жылдарға арналған, ал 2024 жылға жалпы сомасы 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның ішінде су құбыры желілері бойынша 22, ал кәріз желілері бойынша 21 іс-шара жоспарланған.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданындағы Ватутина көшесінде (Адырбеков көшесінен Шаймерденов көшесіне дейін) орналасқан су құбыры желісін қайта құру. 1962 жылы төселген құбырлардың 91 пайызы тозып, апаттар жиі орын алып келген. Осыған байланысты, 300 мм диаметрлі құбырды 160 мм-ге дейін төмендету жұмыстары жүргізілуде. Бұл шешім гидравликалық модельдеу нәтижелері бойынша қабылданған, себебі қазіргі қажеттілік тәулігіне 12 м3/сағ аспайды.
Жаңа құбыр өткізгіштігі шамамен 728 абонентті қамтамасыз етуге жеткілікті болады деп күтілуде. Жоба бойынша 1367 метр құбырды толық ауыстыру көзделіп отыр. Жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстары қараша айының ортасына дейін аяқталуы тиіс. Жобаның жалпы құны – 120 миллион теңге, ал инвестициялық шығындарды өтеу мерзімі 8 жылға жоспарланған. Ватутина көшесіндегі құбырларды қайта құру қала тұрғындарының сапалы сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға және апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.