Бірсыпыра мектеп директоры «бұ кісінің құзыретіне кірмейтін іс еді» деген сыңайда пікір айтқан соң ойымызды жаздық. Өзіне білдірмедік. «Ағасы, қоя салыңыз, ұят болады» дер ме еді. Бірақ, қоғамның жарылғалы тұрған сыздауықтай мәселесін жауып тастауға болмайтын еді. Аз ғана уақытта 200-ге тарта лайк басылып, 60 жуық пікір жазылды. Яғни, қоғам бұл жайтқа бей-жай қарай алмайды екен.
Сәрсен Құранбектің өзі де оқыпты. Анықтырақ болу үшін айтайын. Қала әкімінің орынбасары.
-Аға, мен мектеп әжетханаларын еріккеннен тексеріп жүрген жоқпын,-деді ол. -Егер тексеру барысында мектеп басшыларына артықтау ескерту айтсам кешірім сұраймын». Біраз сөйлестік. Қант диабетімен дос болғанымызға жиырма жылдай болып қалды. Ессізің есте сақтау қабілетіне қатты әсер етеді екен. Қазір айтқанды қазір ұмыттырып жібереді. Дегенмен, айтайын…
Сәрсен Құранбек — біраз уақыт ҚР Спорт және Туризм министрінің орынбасары болды. Талапшыл вице-министр шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен жүйелі жұмыс орнатқан. Олардың бір ұйымы қазақстандық мектептерге зерттеу жүргізіпті. Бірі — әжетхана.
Ол кезде қиын уақыт. Мектептердің материалдық-техникалық базасы төмен. Оқушыларға оқу құралдары жетпей жатқанда әжетханаға кім қарасын.
Су ақпайды. Іші қақырындыға толы, саус-саус. Үлкен және кіші дәрет мидай араласып, ішке кірген адамның мұрнын басқызып, ащы зәр көзін ашытып жібереді.
Шетелдіктердің анықтағаны. Кірпияз балалар мен қыздар таңертеңгілік үйінен әжетханаларға бармас үшін шәй де тамақ та жемеуге тырысады екен. Сабақ түс ауа аяқталады. Үйіне жеткенше тағы да бірталай уақыт кетеді. Аш балада сабаққа қандай құлық болсын. Ауру да табады.
Неге қазақ мектептерінде дистрофия, диарея көбейіп кетті.
Тәулікке жуық тамақ жемеген бала ауру және арық-тұрық болмағанда несі қалды. Ал, ішек-құрт аурулары неге көп?!
Зәр қысқан бала қанша лас болса да туалетке кіреді. Қажетін өтейді. Қол жуатын су да, сабын да жоқ. Тамақ жегісі келеді. Бәліш алар. Котлет алар. Ал, қолы таза емес. Ішек-құрт ауруларының басты себебі-гигиена сақтамау.
«Ауру-астан, дау-қарындастан» деген осы шығар.
Комменттерді шолып шықтық. Республикаға белгілі мұғалім, педагогтардың мәселесін көтеруден шаршамайтын Өмір Шыныбекұлы «Мәдениет әжетханадан басталады» деп пікір қалдырыпты.
Арқалы ақын Біржан Байтуов «Қазақстан бойынша әжетханаларды ретке келтіретін бір орталық болса екен» деп армандайды.
Ақмылтық журналист Ақмарал Молдиярқызы бір комиссияның құрамында ашылғанына жыл толмаған мектепке келеді. Туалет жабық. Су жоқ дейді. Қоймай аштырып көреді.
Еден толы зәр. Унитазға жету мүмкін емес, жолдың бәрі нәжіс. Әжетхана қағазының орнына қидаланған дәптер парақтары жатыр.
Республикаға белгілі журналист Махат Садық «Премьер Министр Нұрлан Балғымбаевтың өзі туалетті тексеретін еді таза ма деп» деген жазба қалдырған. Қоғамдық мәселелердің нақ ортасында жүретін қайраткер әкпеміз Бағдат Мүптекақызы «тәртіпті қорғау, оны бұзбау әр адамның міндеті» дей келіп, сол тәртіпті қадағалайтын жандарды сырттан қылжаққа, мазаққа айналдыратын жаман қасиетімізді сынапты.
Мықты қаламгер Серік Пірназар «Сәрсендікі жүз пайыз дұрыс. Баяғыда немістің Бисмарк деген канцлері болған. Сол көшеге қоқыс тастағандарды басы өзі болып «қамшымен сықыртып сабайды екен» дейді.
Талай жыл мектеп директоры болып зейнетке шыққан ұстаз Аманбек Ахметбаев: «Әжетханаға керекті жарақтарды мектеп директорларының өзі алады. Ал, бұл-қыруар қарды. Сондықтан, осы мәселеге жеткілікті қаржы бөлінсін. Тазалықты өзімізден бастайық» дейді.
Бес-алты мысалды ғана келтірдік. Рас, бұрын өте лас болған. Қазір дұрысталып қалды. Бізге керегі-ұлт саулығы ғой.
Кезінде Премьер Министр Нұрлан Балғымбаевты толғандырған мәселеден қала мектептеріне жауапты Сәрсен Құранбек неге шет қалуы керек?! Бұл — Шымкент мектептерінің проблемасы ғана емес, республикадағы барлық оқу орындарына тән жағдай. Яғни, Құранбектердің қатары көбеюі керек. Өзекті мәселелердің үлкен кішісі болмайды. Көп болып атсалысуымыз керек.
Бұл жерде ата-аналардың да үлкен жауапкершілігі бар. Әжетханада арнайы қағаз, су сабын және қол сүртетін майлық қағаз болады. Жаудың мүлкі емес, дұрыс пайдалануды үйрету керек.
Қазақта «білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» деген сөз бар. Қала әкімінің орынбасары әңгіме ыңғайында балаларды үлкен спортқа берудің және ақша мен даңқ қуған бапкерлердің жайын ашынып айтты. Бұл мәселе ұлтқа жасалып жатқан қылмыс деңгейінде тұр. Осы тақырыпқа кейінірек ораламыз…