Жалпыға бірдей декларациялау – бұл мемлекеттік басқару жүйесінде қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету, көлеңкелі экономиканы азайту және салықтық тәртіпті күшейту мақсатында жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкі туралы декларацияны міндетті түрде тапсыруды көздейтін шара. Қазақстанда бұл процесс төрт кезеңге бөлініп енгізілуде.
2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың 3- ші кезеңі сәтті аяқталды. Декларациялаудың бұл кезеңінде № 250.00-ші яғни «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияны 2024 жылдың 1 қаңтар жағдайына бизнес өкілдері, яғни дара кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары ұсынған, яғни, 150 мың жеке тұлға тапсырған болатын.
Биылғы кезеңге өзгерістер енгізілді. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жалпыға бірдей декларациялаудың 4-ші кезеңі туралы Мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұлов айтты.
– Жалпыға бірдей декларациялаудың 4-кезеңінде 250.00 СЕН табыстау міндеті бойынша мына тұлғалар, жеке практикамен айналысатын тұлғалар (1 150 ЖТ), жсо, адвокат, нотариус, медиатор,
– сайланбалы лауазымға, мемлекеттік лауазымға орналасуға және оларға теңестірілген кандидаттар, («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының 11-бабы, 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе соларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар және олардың жұбайлары – лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның лауазымға тағайындау туралы актісі шығарылғанға дейін тапсырады. Банктердің, бағалы қағаздар нарығының, сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары болғысы келетін жеке тұлғалар, банктің кемінде 10% акциясына иелік еткенде. Сондай-ақ, жеке тұлғаның шетелде жылжымайтын мүлкі және көлігі, Шетелдік банктердегі банктік шоттардағы 1000 АЕК (3,7 млн теңге)астам сомадағы ақшасы, инвестициялық бағалы металдар, бағалы қағаздар, брокерлік шотта ақшасы болса, зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері, цифрлық активтері, дебиторлық немесе кредиторлық берешектері барлар, құны 1000 АЕК (3,7 млн тг) асатын мүлкі, антиквариат, сәнді заттар және т.б. барлар декларация тапсырады, – дейді спикер.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде ұсыну: салық төлеушінің кабинеті арқылы (cabinet.salyk.kz) Web-қосымшасы немесе e-Salyq Аzamat, еGov mobile немесе Halyk мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады.
Декларацияны мерзімінде ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 272 бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік кіріс органына салық есептілігін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбаса алдымен ескерту жасалады, кейін осы баптың 2-тармағына сәйкес әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет –жеке тұлғаларға – он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Жалпыға бірдей декларациялау – қаржылық ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін маңызды құрал. Бұл жүйе халықтың барлық санаттарын қамтып, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Қазақстанда оның кезең-кезеңімен енгізілуі азаматтардың жаңа ережелерге бейімделуіне мүмкіндік береді. Декларациялауды сәтті жүзеге асыру үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыру маңызды.