ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Болатбек Нажметдинұлы мен Данабек Исабеков қаладағы Момынов көшесінің бойында салынып жатқан теміржол өткелінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, халық қалаулылары жергілікті тұрғындармен кездесіп, азаматтардың толғандырған сауалдарына жауап берді.
Бүгінде Еңбекші ауданы Момынов көшесінің бойында теміржол өткелінің құрылыс жұмыстары басталды. Мердігер мекеме – «Корпорация Береке А» ЖШС. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. Болатбек Нажметдинұлы көптен бері шешімін таппай келген жобаға тиісті қаржы бөлінгенін, бұл орайда қала әкімдігі белсенді жұмыс атқарғанын атап өтті.
– Осы аумақта теміржол өткелін салу қала тұрғындарын толғандырған күрделі мәселе еді. Бұл мәселені көтеріп келе жатқаныма жиырма жылға жуықтады. Қала әкімдігі Момынов және Тіленшин көшесі бойындағы темір жол өткелінің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындады. Парламентте де тиісті жұмыстар атқарылды. Қала әкімдігінің өкілдерін арнайы шақырып, осы мәселені талқыладық. Уақыт сәтімен екі жобаға да қаржы бөлініп отыр. Елімізде теміржол байланысы ұлғайып келеді. Сол себепті де бұл жердегі кептелістер одан сайын арта түспек. Жалпы, аталған мәселе шешімін тауып келеді. Өткел құрылысы басталғаннан кейін оны әрі қарай кеңейту жұмыстары да атқарылады. Теміржол өткелі 2025-2026 жылы іске қосылуы тиіс, – деді Мәжіліс депутаты.
Жоба аясында теміржолдың үстінен аспалы көпір салынып, бұл жол өткелі төрт жолақты және жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолмен жабдықталады. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарықшамдар орнатылмақ. Қазіргі таңда нысанның құрылыс белдеуіне түсетін бірнеше жеке меншік жер телімін мемлекет мұқтажына алу мәселелері шешілуде, ал қалған жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Ендігі ретте «Аманат» партиясының фракциясы, Мәжіліс депутаттары аталған құрылыс барысын өз қадағалауына алмақ. Мәжіліс депутаттары құрылыс барысындағы қолайсыздықтарға тұрғындар түсіністік танытуы қажет екенін де жеткізді.