Францияға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ірі француз компаниялары мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдерімен кездесті.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында серіктестікті дамыту мәселелері қарастырылды.
Талқылаулардың негізгі бағыттары: бұлтты технологиялар, жасанды интеллект (ЖИ), киберқауіпсіздік, ғарышты зерттеу және жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету. Француз тарапы Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, тәжірибе алмасу және ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдірді.
Цифрлық платформаларды автоматтандыру, масштабтау және қауіпсіздікке арналған бұлтты шешімдер саласындағы Францияның ірі компанияларының бірі Clever Cloud қазақстандық нарыққа кеңеюге қызығушылық танытып, бірлескен кәсіпорын ашуды ұсынды. Clever Cloud Қазақстанды өз қызметтерін кеңейту үшін әлеуетті серіктес ретінде көріп, бұл қадам елдің технологиялық инфрақұрылымын күшейтуге мүмкіндік береді.
Airbus компаниясымен өткен кездесуде ғарыш және авиация технологияларын дамытуға басымдық берілді. Қазақстан Airbus шешімдерін табиғи ресурстарды мониторингілеу, экологияны басқару және авиация секторын цифрландыру мақсатында пайдалануға қызығушылық танытты. Сонымен қатар, Airbus компаниясы өздерінің ұзақ қашықтыққа ұшатын Zefir ұшқышсыз ұшу аппаратын таныстырып, бұл аппараттың сынақтарын Қазақстанда жүргізуді ұсынды.
Synchrotron Soleil компаниясымен жүргізілген келіссөздер жасанды интеллект және үлкен деректер саласында ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашты. Бірлескен зерттеу жобалары жасанды интеллект қолдану арқылы үлкен деректерді талдауға бағытталатын болады.