Түркістан өңірінде кәсіп ашқысы келетін инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті инвестициялық штаб отырысын өткізіп, өңірде жаңа өндіріс орындарын ашатын кәсіпкерлермен жоба барысын жан-жақты талқылады. Инвестициялық штаб – бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң. Әкім энергетика саласы, сүт өңдеу зауыты, тігін фабрикасы, медициналық бұйымдар өндірісі, мал бордақылау алаңы, кір жуатын ұнтақ, тұрмыстық химия өндірісін қолға алған инвесторлармен жұмыс барысын пысықтады.
Инвестициялық штаб отырысында көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыруына ықпал ететіні айтылды. Облыс әкімі инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды жоюдың маңыздылығын атап өтті. Құрылысы жүріп жатқан зауыт, фабрикалардың маңыздылығы мен тиімділігін ескертіп, осы мақсатта жауапты тұлғаларға инфрақұрылым тартуға қатысты нақты тапсырмалар берді.
– Қағазбастылық дегенді доғару қажет. Инвесторлардың түрлі кедергілерге тап болуына жол берілмеу керек. Ол үшін әр әкім, басқарма басшылары тікелей жауапты екенін ескертемін. Әр инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы қатаң бақылауда. Ешқандай тежеу болмауы керек. Электр энергиясы, газ бойынша мәселе туындаған жағдайда, шұғыл әрекет етіп, шешу қажет. Оны созбалаңға салудың өзі – сын. Аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласына басымдық беріледі. Тапсырма берілгенін күтіп отырмай, бастама көтеріп, дербес жұмыс істей біліңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.