2024 жылдың 1 мамырынан бастап, 14 әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығы берілген. Бұл жеңілдік 319 мың тұрғынды қамтиды.
Шымкент қаласының қоғамдық көлік қызметін дамыту мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «2024 жылдың 9 айында жолаушылар тасымалы саласында атқарылған жұмыстар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтіп, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ибрагимов Ролан Бекмағамбетұлы, «Smart mobility» ЖШС директоры Камидоллин Жомарт Ерболатұлы және Баймаханбет көлік саласының сарапшысы Байболат Досалыұлы өздері тиісті салалар бойынша БАҚ өкілдеріне баяндады.
Енді тасымалдаушыларға қойылған талаптарды бұзған жағдайда айыппұл мөлшері 1,5%-дан 3%-ға дейін ұлғайды. Автобустардың аялдамаға тоқтамауы немесе кестеден 15 минутқа кешігуі/ерте келуі автоматтандырылған жүйе арқылы бақылауда. Жыл басынан бері бұл шаралар қала бюджетіне 424,5 млн теңге үнемделуіне септігін тигізді. Қала тұрғындарының сұранысына байланысты жаңа маршруттар ашылды. «Тұран», «ШымСити», «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандары арқылы өтетін №3 айналма маршрут пен «Оңтүстік» шағын ауданындағы №4 маршрут іске қосылды.
Сонымен қатар, 22 маршруттың қозғалыс сызбалары өзгертіліп, жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 17 маршруттың қозғалыс кестесі кеңейтілді. 9 маршруттың жұмыс уақыты түнгі 23:00-ге дейін ұзартылып, тұрғындардың түнгі уақытта қала ішінде қолайлы жүріп-тұруы қамтамасыз етілді. 2024 жылдың 1 мамырынан бастап, 14 әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығы берілді. Бұл жеңілдік 319 мың тұрғынды қамтиды. Жеңілдік карталарын алу үшін қалада төрт арнайы пункт ашылды. Шымкент қаласында 2335 аялдама орны бар, оның 838-і жаңа типтегі аялдамалар. Бұл өзгерістер жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.