Елімізде ірі кәсіпорындар автоматтандырылған экологиялық бақылау жүйесін енгізуге міндетті. Шымкент қаласында қазіргі таңда ірі 4 кәсіпорынның 3-еуінде бұл талап сақталған. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің өкілдері, талапты одан әрі күшейту керек дейді. Мысалға, егер кәсіпорыннан экологиялық мәліметтер бір тәулік ішінде жіберілмесе, жоспардан тыс тексеру жүргізілмек.
Шымкент қаласы бойынша I санаттағы объектілерге «Стандартцемент» ЖШС, «Шымкентцемент» ЖШС және «3-Жылуэнергоорталық» АҚ, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-ның негізгі стационарлық ұйымдастырылған көздеріне қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін орнатуға тиіс. Қазіргі уақытта, «Стандартцемент» ЖШС, «Шымкентцемент» ЖШС және «3-Энергоорталық» АҚ-да негізге ластау көздеріне, яғни мұржаларға мониторингтің автоматтандырылған жүйесі орнатылыпты. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшы орынбасары Сабыр Балыбек айтты.
– «Стандартцемент» ЖШС мен «3-Энергоорталық» АҚ-да деректерді уәкілетті органға жолдау үшін байланысқа қосу жұмыстары жүргізілуде, ал «Шымкентцемент» ЖШС нақты уақыт режимінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің ақпараттық жүйесі арқылы деректерді уәкілетті органға беруде. «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-да жабдықтарды сатып алу үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп, ағымдағы жылдың соңына дейін мониторингтің автоматтандырылған жүйесі орнату міндеттелген,-дейді ол.
Бұған дейін, атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың нақты көлемі тек берілген есепке сай жүргізетін еді. Ендігі уақытта, рұқсат етілген шекті мөлшердегі шығарындылардан асу дерегі тіркелген жағдайда, Департаментпен заң аясында тиісті шара қабылданатын болады.