Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Азия елдері үшін 2024 Жаһандық инновациялық индексінің (ЖИИ) есебін жариялау рәсіміне қатысты. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) қолдауымен ҚР Әділет министрлігі ұйымдастырған іс-шара авторлық құқық жөніндегі халықаралық ведомстволардың, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың және өзге де ресми өкілдердің қатысуымен өтті.
Іс-шара жұмысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Үкіметі Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, ДЗМҰ Бас директорының көмекшісі Марко Алеман, ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ корпоративтік сектор басшылары, халықаралық сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуы кезеңінде Ғ.Қойшыбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инновациялар мен цифрлық технологияларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Үкімет бүгін Президент қойған барлық міндеттерге қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізуде. Мұндай алаңдар инновациялық дамудың болашағы туралы пікір алмасуға және өңірлік деңгейде инновацияларды ынталандырудың жаңа тәсілдерін енгізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», –деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.
М.Алеман өз сөзінде ЖИИ инновациялық дамудың нұсқаулығы ғана емес, инновациялық шешімдерді қолдаудың қуатты құралы және қатысушы елдердің экономикалық өсуіне серпін беретін алаң екенін атап өтті. «Қазақстан инновациялар саласында орасан зор әлеует көрсетуде, бұл біздің іс-шарамызды бүгін Астанада өткізудің себебі болып табылады», – дейді ол.
Өз сөзінде А.Қуантыров Қазақстан әлемнің 133 елі арасында 78-ші орынға ие болып, ел рейтингі 3 позицияға жақсартқанын атап өтті.