Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамытуға күш салынуда. Жоғары сапалы шитті мақтаны өсіріп, оны өңдеуге ден қойылған. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі.
Сауран ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Golden Cotton» мақта қабылдау және қайта өңдеу зауытында болды. Осыдан 2 жыл бұрын ашылған зауыт 4 гектар аумата орналасқан. Жоба құны – 789,0 млн. теңге. Мұнда жылына 12 мың тонна мақта өңдейді. Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімді Ресей, Беларусь және Қытай елдеріне сатуға шығарады. Былтыр 8 мың тонна мақта өнімін қабылдап, қайта өндеген. Су үнемдеу технологиясының көмегімен келер жылы 1 мың гектар жерге жоғары сотты мақта тұқымын егіп, өнім сапасын арттырмақ.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды сондай-ақ саурандық жас кәсіпкермен кездесті. Істен шыққан ескі қондырғыны сатып алып, жөндеген Саидбек Жаппаров мақтаны қайта өңдеу цехын іске қосқан. Жылына 600 тонна мақтаны қайта өңдеп, өндірілген өнімді Қытай мен Түркияға сатады. Сондай-ақ көкөніс сақтайтын қойма ашып қойған. Облыс әкімі жас кәсіпкерге сәттілік тілеп, кәсібін кеңейтуін құптады.
Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде.
Түркістан облысы елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымдарда 70 мыңға жуық шаруалар еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналуда.