Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қаладағы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының өнімділігі артып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі күшейіп келеді.
2024 жылы Шымкент қаласының егін шаруашылығын дамыту және өнімділікті арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 911 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Базарбеков Қайрат Мейірханұлы баспасөз конференциясында айтты. Қайрат Мейірханұлының айтуынша, бұл қолдау ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар бағыттарға жұмсалады:
- Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 122,1 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда шаруашылықтар 560 тонна тыңайтқыш сатып алды.
- Жылыжай кешендерінің коммуналдық шығындарын азайтуға 767,8 млн теңге қарастырылған.
- Тұқым шаруашылығын дамытуға 20,5 млн теңге бөлінсе, пестицидтер мен биоагенттерге (энтомофагтарға) 600 мың теңге субсидия қарастырылған. Көктемгі егіс жұмыстарына 35,9 тонна дизель отыны толық бөлініп, шаруашылықтарға таратылды.
Ал күзгі егін жинау жұмыстары үшін 104,5 тонна дизель отыны бөлініп, оны тарату міндеті «Ұлы Орда 01» ЖШС-на жүктелген. Бүгінгі таңда шаруашылықтарға дизель отынын тарату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оны босату бағасы литріне 250 теңге болып бекітілген, дейді Қайрат Базарбеков. Мал шаруашылығы бойынша Шымкент қаласында 109,4 мың бас ірі қара мал, 133,5 мың ұсақ мал, 20 мың жылқы және 1 071,9 мың құс тіркелген. Осы жылы қалада 5,1 мың тонна ет, 41,1 мың тонна сүт және 100,2 млн дана жұмыртқа өндірілді. Мал шаруашылығын қолдау мақсатында 420,8 млн теңге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қаладағы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының өнімділігі артып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі күшейіп келеді. Сонымен қатар, Базарбеков Қайрат Мейірханұлы биыл Шымкент қаласында ауылшаруашылығы саласында мол өнім жиналғанын да айтып өтті.