Созақ ауданының шаруаларын мемлекеттік бағдарламаларға құжатты жеңілдету, қорғалатын аймақта мал жаю ақысын төмендету және өзге де мәселелер мазалайды. Тұрғындар өз өтініштері мен сұрақтарын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке қойып, толыққанды жауап алды. Созақ ауданы тұрғындарымен кездесуге «Атамекен» шаруа қожалығына арнайы келген облыс әкімі диқандар мен жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады. Өңір басшысы су үнемдеу технологиясын енгізу маңызды екенін жеткізді.
— Біз шаруаларға семинарлар өткізіп, тамшылатып суғару және жаңбырлатып суғару тәсілдерін енгізіп жатырмыз. Созақ ауданында да бақша дақылдарынан өнімділікті арттыруға мүмкіндік мол. Жалпы Созақ ауданының әлеуеті өте жоғары. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында мол табысқа жетуге болады, — деген Өмірзақ Шөкеев шаруа қожалығының бастамаларын жоғары бағалады. Бүгінде «Атамекен» шаруа қожалығы жаңбырлатып суғару технологиясын пайдаланып отыр. 40 гектап алқапта мал азығы өсіріліп жатыр.
Одан кейін облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсібін бастаған азаматтар мен тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады. Мемлекеттік грант иегерлері бизнес бастап, тігіншілік кәсіпті игерген. Нан және сүт өнімдерін шығаруға атсалысып, балық, ет сату бизнесін дамытуда.
Орталық алаңда халықпен кездескен Өмірзақ Шөкеевке тұрғындар тарапынан сан түрлі бағытта сұрақтар қойылды. Созақтықтар Түркістан мен Созақ арасындағы жол мәселесін, Балдысу елді мекенін сумен қамту, Құмкент ауылына жол салу, медицина және жедел жәрдем саласындағы әуре-сарсаң, спорт кешені тапшылығы, ауданды газдандыру, ауыл шаруашылығына несие беру және өзге де түйткілдерді қозғады. Өңір басшысы алдымен елдегі саяси реформаларға тоқталып, сұрақтарға жауап берді.
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 10 бағыттан тұратын жаңа саяси реформаларын ұсынды. Сайлау жүйесіне өзгерістер енгізді. Күні кеше «Amanat» партиясы төрағалығын да тапсырды. Қазіргі таңда елімізде дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қабылдануда. Әкімдерге, саяси ұйымдарға, Парламентке нақты міндеттер жүктелді. Бүгін осы реформаларға сәйкес өздеріңізбен жүздесіп тұрмын. Бұрын одақ тұсында Созақты депрессивті аймаққа жатқызатындар болған. Мен мұнымен келіспеймін. Керісінше, Созақтың болашағы өте жарқын деп есептеймін. Уран қоры, фосфор кеніші және ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы аумағы бар. Бұл жақтың мәселелерін де білемін. Сіздер көтерген газ мәселесі біздің назарымызда тұр. Шолаққорғанға газ тарту жұмысы жүріп жатыр. Ол алдағы уақытта шешіледі. Жол құрылысы да аяқталады. Жалпы екі жылда Созақтағы қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 80-90 пайызға жетеді деп ойлаймын. Шолаққорғанда мектеп салынады. Жедел жәрдемге қатысты ұсыныс та қаралып, заң аясында шешім қабылдаймыз, — деді Өмірзақ Шөкеев.
Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдады. 20-ға жуық созақтық тұрғын жеке мәселесі бойынша өңір басшысымен жүздесті.
Созақ ауданында 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 17, 6 млрд. теңге болып, 2020 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда арта түскен. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 320 млн.теңге инвестиция тарту межеленсе, 378,3 млн. теңге тартылған. Аудан бойынша былтыр 14 мың га алқапқа егіс егілді. Сондай-ақ егіс көлемін арттыру мақсатында Cозақ ауыл округіндегі «Суындық» каналын күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 3704 лоток ауыстырылып, 13 шлюз қойылып, пайдалануға берілген.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға мемлекеттік гранттар беру жұмысы жанданған. Осы арқылы жеке қосалқы шаруашылықтарда үйіргелік жерлерін дамыту бойынша 52 азамат 29 млн. теңге грант қаржысына ие болған. Сол арқылы тамшылатып суғару қондырғыларын орнатып, 5,2 гектар аумаққа көкөніс, бақша дақылдарын еккен. Айта кетерлігі, «Болыс ата» шаруа қожалығы 143 тонна бақша (қарбыз) дақылдарын Ресейдің Уфа қаласына экспорттады.
Аудандағы бірқатар шаруа қожалықтары ағын суды үнемдеу мақсатында жаңбырлатып суғару қондырғысын сатып алған. Жайылымдарды суландыру мақсатында 73 құдық қазылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.