ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: «БІЗ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ БҮЛДІРІП, ЭКОЛОГИЯҒА ЗИЯНЫН ТИГІЗІП ЖАТҚАНДАРҒА ҚАРСЫМЫЗ»
2021 жылы Түркістан облысы аумағындағы карьерлерді пайдалану кезінде су қорғау белдеуіне орналасқан және келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамағаны  үшін 17 келісімшарт және 1 лицензияның күші мерзімінен бұрын тоқтатылды. Атап айтсақ, Сайрамда – 4, Сарыағашта – 1, Ордабасыда – 4, Арыста – 2, Сауранда –1, Төлебиде – 2, Созақта – 1 және Бәйдібек ауданында 2 келісімшарт үзілген. Сонымен бірге 5 келісімшарт  уақытша тоқтатылып отыр. Бұл мәселе облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында кеңінен талқыланды. Өңір басшысы карьерлерді заңсыз пайдаланып, табиғатқа орасан зор шығын келтіріп жатқандарға қадағалауды күшейтіп, заң аясында тоқтау салу керектігін шегелеп айтты.
– Заңсыз жер қойнауына қарсы күрес қолға алынды. Бірақ нәтиже нашар. Табиғатқа, экологияға қарсы әрекетті ең үлкен қылмыс деп есептеймін. Ақсу өзенінен халық тығыз орналасқан қалалар сумен қамтылып отыр. Ал оны қазып жатыр. Өзендерді қазуды тоқтату керек. Біз кәсіпкерлікке қарсы емеспіз, біз қоршаған ортаны бүлдіріп, экологияға зиянын тигізіп жатқандарға қарсымыз. Заңсыз карьер қолданушылар анықталған барлық аудан, қала әкімдері осы бағытта қадағалауды күшейтсін. Бүгін экологиялық апаттың алдын алмасақ, ертең кеш болады. Бұлақтар тартылып жатыр. Бұл ешкімді ойландырмай ма? Үлкен экологиялық мәселе ғой, бұл. Мен арнайы комиссияның жұмысын күшейтіп, құқық қорғау органдарымен бірлесе тұрақты жұмыс атқаруды тапсырамын. Прокуратура, полиция және өзге де сала өкілдерімен бірлесіп, осы түйткілді шешу керек, заң аясында барлық іс-әрекетті жасаңыздар. Өзендер мен аумақтарға мониторинг күшейтілсін, – деді Өмірзақ Шөкеев.
    Былтыр облыс аумағында орналасқан 40 кен орнына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 27 жер қойнауын пайдаланушыдан кемшілік анықталып, Экология департаментіне жолданды. Сайрам ауданы бойынша 27 жер қойнауын пайдаланушы орналасқан, оның ішінде 4 кәсіпкердің келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Облыс әкімінің тапсырмасымен мониторингтік жұмыс күшейтіліп, жұмыстар жанданған. Облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, биыл 26 сәуірде Сайрам ауданындағы жолдарға облыстық көліктік бақылау инспекциясы тарапынан блокпост қойылды. Ол 24 сағат кезекшілік атқаруда. Одан бөлек, Инвестиция және экспорт басқармасы облыстық көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп таразы қойылмаған кен орындарына таразы орнату бойынша жұмыс атқарып жатыр.
    2022 жылдың 4 айында заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 28 дерек тіркелген.     26 бірлік техника, жүк көліктері заңды шешім қабылданғанша уақытша айыптұрақтарға жабылды.
    Түркістан облысы ПД бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің айтуынша,  жер қойнауына қатысты құқықбұзушылықтар негізінен Сайрам ауданындағы Ақсу өзені бойында, Ордабасы ауданындағы Бадам, Арыс өзендері бойында, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарындағы Келес өзені бойынан және Кентау қаласы, Сауран, Отырар аудандары аумағында жиі кездеседі. 2021-2022 жылдар аралығында Түркістан облысының полиция департаменті  құрылымдарының  өндірісінде жер қойнауын өз бетінше пайдалану деректері бойынша 27 іс тергеп-тексерілген, оның ішінде 2021 жылы 15 дерек, биыл 4 айда 12 дерек тіркелген. Бір іс сотқа жолданса,  өндірістегі қалған 19 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.