300-ге жуық ұстаздың басын қосқан «Ясауи көктемгі мектебі» жобасына арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев педагогтардың сан алуан сұрақтарына жауап берді. Облыс әкімі мектептегі ұстазын үлгі етті. Өзінің осы дәрежеге жеткеніне мектеп табалдырығындағы мұғалімінің тәрбиесінің арқасында екенін ерекше еске алды.
 «Бұл кездесу жоспарда жоқ еді. Алайда, осында облысымыздың түпкір-түкпінінен ұстаздар жиналып жатқанын естіп, өздеріңізбен жүздесіп кетуге арнайы келдім. Сіздердің еңбектеріңіз ерен. Бәріміз мектептен шықтық. Мен өзімнің мектебімде Сәуле Әлжанқызы деген апайымыз болды. Берген тәрбиесі, сол кісінің жұмысы, мектепке деген бар жан-тәнін салып істегені әлі менің есімнен кетпейді. Ол мектепте тұратын. Сол жерде қыстың күні котельныйда жүріп, жұмысшылармен бірге от жағатын. Осындай кісілердің арқасында, осындай мықты ұстаздан үлгі алған талай ұрпақ тәрбиеленді. Сол кісілердің тәрбиесі бәрімізге жетті. Ешкімнен кем тәрбиеленген жоқпыз. Білім жағынан да, тәрбие, спорт жағынан да. Бүкіл мектептердегі жұмыстарды ұйымдастыру сіздерге байланысты. Жас кезімізде біз математика, физика олимпиадаға дайындалатынбыз. Музыка ойнайтынбыз. Өнерге жақын болдық, күрес, футболға барып, бос уақыт болмайтын. Оның бәрін сол мектептегі мұғалімдер ұйымдастыратын. Сол сияқты көп нәрсе сіздерге байланысты. Қазір әрине басқа заман. Балалар компьютерде отырады. Оның бәрі пайда әкелмейді. Денсаулық 90 пайызы адамның салауатты өмір салтына байланысты, қалғаны медицинаға байналысты. Сондықтан балалардың жан-жақты дамуы сіздерге байналысты»,-деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыс басшысы өңірдің үш жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуымен бөлісті. Өз кезегінде ұстаздар еркін әңгіме барысында Өмірзақ Естайұылына сұрақтарын қоюды. Өңір мұғалімдері білім ұяларының күрделі жөндеуден өтуі, арнайы пән сыныптарының ашылуы, инфрақұрылымның дамуы секілді мәселелері бойынша сауалдарына жауап алды.
Арнайы жобаға шақырылған білім ұяларының ұстаздары облыстың түпкір-түпкірінен келген. Маңызды жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жылдығына орай, оқу ордасы мен «Soft Skills Qazakhstan» компаниясы  ұйымдастырды. Жобаның мақсаты –  жылдам өзгеріп жатқан әлемде инновациялар мен заманауи технологияларға  бағдарланған жалпы білім беретін мектептердің, гимназиялар мен лицейлердің сынып жетекшілері мен мұғалімдерінің балалармен жұмыс істеуге бейімдеу арқылы білімдері мен біліктіліктерін арттыру.
Көктемгі мектепке Түркістан облысындағы жалпы білім беретін мектептердің оқу және тәрбие ісінің меңгерушілері, мұғалімдері қатысуда. Олар бес бағыт бойынша заманауи әдістер мен тәсілдерді меңгеруде. Олар: «ХХІ ғасырдың басты дағыдысы: Эмоционалды интеллект», «Қазіргі заманғы мектеп: Жастар кәсіпкерлігін қолдау», «Қазіргі заманғы педагогиканың негізгі мәселесі: Буллингпен күрес және балалар  құқығын қамтамасыз ету», «Болашақтың мектебі: Аралас білім беру (Blended Learning)», «Трансформациялық көшбасшылық: әлемді жақсы жаққа бірге өзгертейік».
Сондай-ақ облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев университетттің 30 жылдығына орай ашылған аллеяға ағаш отырғызып, Наурыз мерекесінің салтанатты шарасына қатысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.