Тәуелсіз Қазақстандағы спорттық ахуал бірден қызу қарқынмен дамыды: жекелеген спортшылар мен командалар федерацияларға, ассоциация лар мен одақтарға бірігіп, ұлттық біріншіліктерде және спорттың әртүрлі түрінен өткен жарыстарға қатысты. 1992 жылғы Барселонадағы жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар ТМД-ның біріккен құрамасы құрамында өнер көрсетті. Ирина Герлиц әйелдер баскетбол құрамасымен Олимпиада алтынын, волейболшылар Елена Чебукина мен Татьяна Меньшова күміс медаль, грекрим күресінен Дәулет Тұрлыханов, мылтық атудан Владимир Вохмянин қола жүлде ұтып алды. 1994 жылғы Норвегияның Лиллехаммер қаласындағы Қысқы олимпиада ойындарында қазақстандықтар тұңғыш рет өз мемлекеттік туы астында өнер көрсетті. Сол жолы тұңғыш рет Владимир Смирновтың жеңісі құрметіне олимпиада тарихында Қазақстанның мемлекеттік әнұраны орындалды. Біздің көрнекті шаңғышымыз 50 шақырым қашықтықтағы алтын жүлдемен қоса, 10 және 15 шақырымда екі күміс медаль иемденді. Жапонияның Хиросима қаласында 1994 жылдың қазан айында өткізілген Азия ойындары қазақстандық спортшылар үшін жеңіспен аяқталды. Ресми емес командалық есепте біздің құрама 25 алтын, 26 күміс және 26 қола медаль жеңіп алып, төртінші орыннан көрінді. Халықаралық жарыстарға қатысып, жеке және командалық табыстарға кенелген Қазақстанның үздік спортшылары өз елінің мәртебесін абыроймен қорғады. Олардың жеңістері бүкіл әлемнің назарын саясатта ғана емес, сондай-ақ әлемнің спорттық картасында да елеулі орынға көтерілген жаңа тәуелсіз елге аударды.

Медиаон ақпарат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.