2019 жылғы 18 наурызда сағат 16:50 шамасында Шымкент қаласындағы №54 орта мектепте белгісіз иістің әсерінен жаппай улану фактісі орын алды. Төтенше жағдайдың салдарынан улану белгілері бар 45 адам қалалық №6 емхананың токсикология бөліміне жеткізілді. Жеткізілген науқастарға медициналық көмек көрсетіліп, жағдайлары жақсарғаннан кейін үйлеріне жіберілді. Зардап шеккендерге тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігерлер бекітілді.
Бүгін осы мектепке тиісті сала жетекшілерімен бірге Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов келіп, орын алған төтенше жағдайдың шығу себептерін анықтау жөніндегі жұмыстардың атқарылу барысымен танысты. Қала әкімі мектепті толық аралап шығып, Ынтымақ шағынауданындағы газ тарату пуктінде болды.
Мамандар мектеп іші мен сыртындағы ауаның сынамасын алып, лабораториялық тексеруден өткізді. Табиғи газдың таралуы жөніндегі болжам расталған жоқ. Мектептің санитарлық ахуалы қалыпты, адам денсаулығына келер қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайын анықтау жөніндегі жұмыстар одан әрі жалғасады. Ал мектеп 20 наурыздан бастап өз жұмысын жалғастыратын болады. Білім ошағында тиісті сала мамандарынан тұратын кезекшілік бекеті қойылған.
Жағдай қала әкімінің тұрақты бақылауына алынған.
Медиаон ақпарат
