Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына бірінші Жолдауында негізгі бағыттардың алдыңғы қатарында азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы басымдықтарды белгілеп, бұл бағыттағы сот және құқық қорғау жүйелерінің елеулі рөлін атап көрсеткен болатын. Азаматтардың құқықтарының кепілдіктерін арттыру мақсатында Президент сот шешімдерінің сапасын жақсарту, соның ішінде сот практикасының біркелкі болуын қамтамасыз ету, әкімшілік әділетті енгізу, жеке адамға қарсы ауыр қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл қоғамның және мемлекеттік өмірдің барлық саласында қорғалуға жататын негізгі құндылықтар. Кез келген демократиялық жүйеде азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігі қоғам мен өркениет жетістіктерінің көрсеткіші ретінде объективті әрекет ететін ең маңызды әлеуметтік және саяси-құқықтық институт болып табылады. Сондықтан да әлемдік қауымдастық азаматтың құқығы мен оның қауіпсіздігін жалпыға ортақ идеал, үдемелі даму мен өркендеудің негізі, тұрақтылық пен беріктілік факторы ретінде қарастырады. Адамның құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін іске асырудың және қорғалуының қажетті деңгейін құруға және оны сақтап тұруға, адам мен қоғамның өмірлік маңызды мүдделеріне төнетін қауіпке қарсы нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық, құқық қорғау және басқа сипаттағы шаралар мен құралдарды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүргізу деп түсініледі. Солай болғанның өзінде, адам құқықтары мен оның қауіпсіздігін қорғау кепілдіктерінің бірі – тиімді және әділ құқық қолдану болып табылады және ондағы түйінді рөл сот жүйесіне бөлінген. Сот билігі төрелігін жүзеге асыра отырып, айқын құқық қолдану сипатында болады, соның нәтижесінде сот арқылы қорғалу барынша тиімді және орнықты болады. Сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен кепілдіктерін нығайту, сот шешімдерінің тұрақтылығы, азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілі ретінде соттың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сот жүйесінің біліктілігін арттыру, сот процедураларының ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз ету сияқты үлкен реформалардан өтті. Осылайша, сот жүйесіне «Төрелік» электрондық база енгізіліп отыр. Осы жүйе бойынша республиканың барлық судьялары жұмыс жасайды. Сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында «Талдау» жүйесі іске қосылды, онда жоғары сатыдағы судьялар барлық санаттағы істер бойынша үнемі қорыту жасап отырады. Барлық соттарда «Call орталықтар» мен «сот кабинеттері» жұмыс жасайды, олар арқылы кез келген азамат үйден шықпай-ақ сотқа шағым жібере алады және нақты уақыт режимінде сот ісінің жүргізіліп жатқаны жайында хабардар бола алады.
Медиаон ақпарат
