Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы, барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы – дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға тоқталайық. Дін құндылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Ал, зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, Исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады.
Бүгінде Мәңгілік Ел боламыз деп жатырмыз. Оның бірден-бір жолы – «Бірлігі бар елдің, берекелі тірлігі бар» -демекші ел ішінде тыныштық пен тұрақтылық, ынтымақ пен бірлікті нығайту. Тұрақтылық пен тыныштық бар жерде ғана өсіп-өркендеу, ертеңгі күнге деген үкілі үміт болатыны айқын.
Сонымен қатар ұлттық асыл құндылықтарымызды дәріптей отырып, оны паш ету. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» – дегендей, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құрметтей білуіміз керек.
Осындай асыл құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз. Сонда ғана тәуелсіз кең байтақ дархан еліміз бар деп мақтана аламыз. Мәңгілік Ел тек осындай өзіндік қадірімен ғана мәңгілік болмақ деп ойлаймын.
Медиаон ақпарат
