Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. А.Сейдімбек мәдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы былай дейді: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр».
Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», — деп ұлттық құндылықтардың айрықша орнын атап өтті. Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл діннің әсерінен пайда болған дағдылар. Расында да белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі, Отаны болуы тиіс. Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе тілі мен мәдениеті және осылардың негізі болып табылатын діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі дәстүрі дініміз Исламда болған десек, еш қателеспейміз. Мысалы, қазақ хандарының заңнамаларында шариғат шарттарына басымдық берілуі ұлт пен дін тазалығын сақтап қалудан туған қадам еді. Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғыда» ұлт тазалығы, дін тазалығы деген атаумен арнайы баптың енгізілуі бабаларымыздың дін мен дәстүрге бекем болғанының жарқын көрінісі. Сол сияқты түйінді мәселенің тиімді шешімін таба білген аузы дуалы билер мен шешендеріміздің шариғаттан білімі болғандығы да белгілі. Халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы мұсылмандық танымның негізінде қалыптасты. Имандылықты жастайынан үйренген дала тұрғыны сауатты болған. Тіпті, танымдық мағлұматты білімнің басы деп санаған халқымыз «Дінді білмеген дымды білмейді» деген қағида қалыптастырған. Бұдан бөлек Ислам құндылықтарын білмеген, Алланың әміріне амал етпеген адамдардың халық арасында беделі де болмаған.
Медиаон ақпарат
